Тәуелсіздік күні Алматыда әдеттегідей өтті: Тәуелсіздік монументіне әуелі шенеуніктер, әскери қызметкерлер мен 1986 жылы Желтоқсан оқиғасына қатысушылар, кейін – азаматтық белсенділер келді. Алғашқы топ гүл шоқтарын қойып, мемлекеттік әнұран тыңдады. Екінші топ "Ұмытылмас. Кешірілмес" деген жазуы бар плакаттармен келіп, Желтоқсан оқиғасы кезінде наразылықты басып-жаншығандар, Жаңаөзен мен Қаңтар кезінде халыққа оқ атқандар жауапқа тартылсын деген талап айтты. Бірақ бұл жолы ешкім ұсталған жоқ.
Сенбі күні таңертең Қаңтар кезінде отқа оранып, жуырда ғана жөнделіп біткен Алматы әкімдігінің маңы тып-тыныш болды. Тыныштықты тек көгершіндер, кездейсоқ өтіп бара жатқан адамдар және бірнеше полиция қызметкерлері ғана "бұзды".
Сәлден соң Тәуелсіздік монументінің маңына адамдар жиыла бастады: билік салтанатты түрде гүл шоқтарын қою рәсіміне дайындалды. Республика алаңына қала әкімі Ерболат Досаев бастаған шенеуніктер келді.
Шенеуніктерден бөлек, алаңға 1986 жылы Желтоқсан оқиғасына қатысушылар, ардагерлер, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері жиналды. Бастапқыда монументке әскери оркестрдің сүйемелдеуімен – Ерболат Досаев бастаған әкімдік қызметкерлері, одан кейін қалған жұрт гүл қойды.
Тәуелсіздік монументінің ортасында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қолы бар қола кітап тұр. Кітапта "Таңдаңыз және бақытты болыңыз" деген жазу бар.
Шамамен 15 минут бойы гүл шоқтарын қою тоқтамады, бұдан кейін шараға қатысушылар Қазақстанның әнұранын тыңдап, монумент басында жайбарақат суретке түсті.
Жарты сағаттан кейін монументке Oyan, Qazaqstan белсенділері Бота Шәріпжан және Әсем Жәпішева келді. Олар полиция аңдығандықтан Республика алаңына әрең жеткендерін айтты.
—Менің ойымша, Тәуелсіздік күні – бірінші кезекте еске алу мен аза тұту күні. 1986, 2011 және Қаңтар бойынша әділдікке қол жетпейінше әділ қоғамда өмір сүріп жатырмыз деп айта алмаймыз. Желтоқсан, Жаңаөзен және Қаңтар өзара байланысты және бұл оқиғалар бойынша әділ сотты талап етемін, – деді Әсем Жәпішева.
Ол алаңға бірінші кезекте Қаңтарда оққа ұшқан балалар үшін келгенін айтты. Олардың ата-аналары балаларының аты-жөнін "Тағзым" мемориалына жазуды өтінген, алайда балаларынан айырылған ата-аналардың бұл өтініштері орындалмаған.
Белсенді Бота Шәріпжанның сөзінше, полицейлер оны таң атпастан подъезінің алдында күзеткен. Ол пәтерінің терезесінен түсіріп алған патрульдік көліктің суретін көрсетті. Полициядан "сытылып шығу үшін" кофеханаға кофе ішу үшін кіргендей болып, ізінше сол жерден такси шақырған.
Тағы бір белсенді Жанель Шахан күртешесіне Желтоқсан, Жаңаөзен және Қаңтар оқиғасымен байланысты суреттерді жапсырып келді. Полиция мен прокуратура өкілдері белсенділерге "заңсыз акция" өткізуге болмайтынын ескертіп, тарауды өтінді.
Алаңға тіркелмеген Демпартия белсенділері де келді. Олар жиналғандар алдында сөз сөйлеп, полицейлер мен прокуратура өкілдерімен сөзге келіп қалды. Полиция белсенділерге тиіскен жоқ.
Белсенділер Қанды оқиғалардың құрбандарын еске алып, Құран бағыштады.
Oyan, Qazaqstan белсенділері "Ұмытпаймыз! Кешірмейміз!" деп ұрандап, былтыр жыл соңында Қаңтар оқиғасы құрбандарына орнатылған "Тағзым" мемориалына қарай бағыт алды. Полицейлер оларды сырттай бақылап тұрды.
"Ояндықтардың" төбесінде квадрокоптер айналшақтап жүрді. Белсенділерді мемориалға жеткенге дейін бақылаған квадрокоптер полицияға тиесілі тәрізді.
Белсенділер мемориалға плакаттарын қойып, стикерлер жапсырды. Бұдан соң Қаңтарда оққа ұшқан балалардың атын атады. Белсенділер тас тақтаға Қаңтардың ең жас құрбаны 4 жасар Айкөркем Мелдеханның суреті бар плакатты қойды.
Былтыр 7 қаңтарда әскери қызметкерлер Айкөркем әпке-ағаларымен бірге отырған көлікке оқ жаудырған, оқ Айкөркемнің басына тиген. Осы уақыт аралығында ешкім жауапқа тартылмады: жуырда сот "Билік өкілетін асыра пайдалану" бабы бойынша қаралған іс бойынша айыпталушыны ақтап шығарды. Бүлдіршіннің әкесі Айдос Мелдехан журналистерге "қызымды екі рет өлтірді: әуелі автоматпен, екінші рет жабық сот өткізіп өлтірді" деді.
Ресми Астана Тәуелсіздік күні қайғылы оқиғаларды еске түсіруден қашқақтайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауында Желтоқсан да, Жаңаөзен де, Қаңтар да айтылмаған. Ақорда хабарламасында мереке "халқымыздың мызғымас бірлігін айшықтайтын ұлық мейрам", "Тәуелсіздік күні еліміздің азаттығын және жаңа тарихи кезеңде дербес даму жолына түскенін әйгілейді" деп жазылған.