Украинаның Еуропа одағына кіру бойынша келіссөзі "оңай болмайды, бірақ Киев тарихи тұрғыда болашағын анықтады" деп мәлімдеді Украина президенті Владимир Зеленский жаңа видеомәлімдемесінде.
"Бізде Еуропа кеңесінің Украинаны одаққа қабылдау туралы келіссөз бастау туралы шешімі бар, бұл шешім үшін біз жыл бойы жұмыс істедік. Алда Еурокомиссиядан Украина заңдарының Еуропа одағы заңдарына сәйкестігін тексеру процесін бастауды сұраймыз" деді ол.
Бұған дейін Еуропа кеңесінің президенті Шарль Мишель Еуропа кеңесі Украина мен Молдованың Еуропа одағына кіру бойынша келіссөз басталғанын, Грузияға кандидат статусы берілгенін мәлімдеген.
Ал Зеленский мәлімдемесінде Украинаны Еуропа одағына қабылдауға көмектесіп жатқандарға, соның ішінде саясаткерлерге, қоғам лидерлеріне, әр елдегі халықтарға алғыс айтты.
2022 жылы ақпанда Ресей Украинаға басып кірген сәтте Мәскеу "Киев НАТО мен Еуропа одағына мүше болмауы тиіс" деген талап қойған. Бірақ Украина соғыс басталған соң Еуропа одағына мүше болу үшін Брюссельге өтініш тастаған. Еуропа одағы Украинаға бірден кандидат статусын беріп, процесті бастап кеткен.
Артынша Ресей билігі "Украинаның Еуропа одағына мүше болуынан қауіп жоқ" деп айта бастаған. Ресми Мәскеу Украинаның НАТО-ға мүше болуынан қауіп көреді. НАТО Украинаны қатарына қабылдау туралы нақты ишара білдірмеді, бірақ альянс лидерлері Ресеймен соғыста Киевке қолдауды үзбейтінін мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР