Accessibility links

БҰҰ-да Газаға көмек жеткізуді талап ететін қаулы қаралмақ. Израиль Газада үлкен туннель таптық дейді


Израиль әскерилері ХАМАС тобының Газадағы "ең үлкен туннелінде" жүр. 15 желтоқсан 2023 жыл.
Израиль әскерилері ХАМАС тобының Газадағы "ең үлкен туннелінде" жүр. 15 желтоқсан 2023 жыл.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі бүгін, 18 желтоқсанда Израильден Газа секторына гуманитарлық көмек жеткізу үшін әуе, теңіз және құрлықтағы жолдарды ашуды талап етуі мүмкін. Бұл туралы Reuters агенттігі екі дереккөзіне сілтеп хабарлады. Бұл резолюцияны БАӘ дайындаған. Құжатта гуманитарлық көмекті БҰҰ күштері тексеретіні айтылған.

Агенттік дереккөзінің ақпаратынша, қаулының қабылдануы ветоға құқығы бар АҚШ пен БАӘ арасындағы келіссөзге байланысты болмақ.

Reuters хабарлауынша, қаулы қақтығысты тоқтатуға, кепілге алынған адамдарды босатуға, гуманитарлық көмекке жол ашуға шақырады. Бұл резолюцияда да ХАМАС радикал тобы (АҚШ, ЕО мен Израиль террорлық ұйым деп танылған) аталмайды, тек "бейбіт тұрғындарға қарсы барлық шабуылды тоқтату" жайлы айтылады.

АҚШ 9 желтоқсандағы қаулыға "ХАМАС террорлық тобының әрекеті сыналмады" деп резолюцияға вето қойған.

Ал Израиль қорғаныс әскері Газада ХАМАС қарулы тобына тиесілі ең үлкен туннель таптық деп хабарлады. The Times of Israel басылымы "туннель төрт шақырымға созылып жатыр әрі кең болғаны сонша көлік жүре алады" деп жазды. Израиль әскері бұған дәлел ретінде видео жариялады. Видеода "ХАМАС жетекшілерінің бірі көлікпен кетіп бара жатқаны" байқалады. Израиль әскерилерінің пайымдауынша, туннель құрылысына көп уақыт кеткен және миллиондаған доллар жұмсалған.

ХАМАС қарулы тобының бақылауындағы денсаулық сақтау министрлігі Reuters агенттігіне 17 желтоқсанда Жабалия босқындар лагеріне жасалған шабуылдан 90 палестиналық қаза тапқанын айтқан.

Ал Paltel және Jawwal телекоммуникация компаниялары 17 желтоқсанда Газаның орталығында телефон байланысы мен интернет қалыпқа келе бастағанын хабарлады.

ВВС сайты Газа секторында адамдар Египеттің "Рафах" шекара бекеті арқылы өткен гуманитарлық көмекке таласып жатқаны жайлы видео жариялады. Ал Times of Israel газетінің жазуынша, бірнеше жүк көлігінің үстінен ХАМАС тобының мүшелері байқалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG