Accessibility links

Астанадағы сот белсенді Асқар Сембайды 6 жыл түрмеге кесті


Белсенді Асқар Сембай сотта тұр. 19 желтоқсан 2023 жыл.
Белсенді Асқар Сембай сотта тұр. 19 желтоқсан 2023 жыл.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты белсенді Асқар Сембайды Қылмыстық кодекстің "Тыйым салынған ұйым қызметіне қатысу", "Билікті басып алуды не ұстап тұруды насихаттау" бабы бойынша кінәлі деп танып, 6 жылға соттады.

Сот белсендіге қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға бес жылға тыйым салды. Асқар Сембай жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.

Белсенді 13 мамырдан бері тергеу изоляторында отырған. Оның жақтастары бұл істің "саяси астары бар" деп санайды.

Басында Асқар Сембайға "қызметіне тыйым салынған ұйым жұмысына араласты" деген айып тағылған. Кейін оған тағылған айып ауырлап, "тыйым салынған жұмысын ұйымдастырды" деген күдікке ілінген. Бұған қоса, белсенді "Билікті басып алуға жария түрде шақыру" бабымен де айыпталды.

Асқар Сембай өзіне тағылған айыптарды негізсіз деп, мойындамаған.

Бұрын ішкі істер органында жұмыс істеген Асқар Сембай 2019 жылдан бері бейбіт митингілерге шығып, биліктен адам құқығын сақтауды талап еткен. Бірнеше рет наразылық акцияларында ұсталған.

Сот Сембайды "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын қолдағаны үшін айыптаған. Қазақстан бұл қозғалысты "экстремистік" деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған.

Шілдеде қазақстандық құқық қорғаушылар Сембайды "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан.

Сарапшылар Қазақстанда билік "Тыйым салынған ұйым қызметіне қатысу" бабын көбіне оппозициялық ұстанымдағы адамдарды қудалауға қолданады дейді. Астана елде "саяси тұтқындар жоқ" дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG