Accessibility links

OCCRP: Ашғабаттағы медицина орталығы Бердімұхамедовтің туыстарына арзан бағаға сатылған


Гурбангулы Бердімұхаммедов
Гурбангулы Бердімұхаммедов

Ашғабаттағы жаңадан салынған эстетикалық медицина орталығы үлкен жеңілдікпен Бердімұхамедовтердің отбасына қатысы бар компанияға сатылды. Мұны Жемқорлық және ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) Turkmen.news және Gundogar басылымдарымен бірге анықтаған.

Зерттеу мәліметінше, Түркіменстан үкіметі бұл орталықтың салынуына 51 млн доллар (155,7 млн манат) қаржы бөлген. Оның ресми ашылу шарасы 2020 жылдың қазан айында өткен. Алайда ашылу алдында сол кездегі президент Гурбангулы Бердімұхамедов оны жекешелендіруге рұқсат беретін бұйрыққа қол қойған.

Нәтижесінде орталықты "Ашғабат халықаралық эстетикалық медицина орталығы" (AIATC) 44,5 млн долларға сатып алған. AIATC бұл қаржыны он жылда төлейді.

AIATC жеті заңды тұлғадан тұратын топқа тиесілі. Оның екі компаниясы Бердімұхамедовтердің отбасына қатысы бар:

"Ак Ровач": 2021 жылы бұл компанияның өкілі журналистерге мұнай және химиялық өнімдермен айналысатын Delanore компаниясына қатысы барын айтқан. Ал Delanore компаниясын бұрынғы президент Гурбангулы Бердімұхамедовтің немере інісі Шамурат Режепов иелік етеді. Ол өзінің туыс қарындасына үйленген. Ал оның анасы Гүлнабат Дәулетова бұрынғы президенттің әпкесі.

Nurana Bedew HK: Бұл компания 2013 жылы құрылған. Оны Дәулетованың тағы бір қызына үйленген Рустам Бекдурдыев басқарады.

Эстетикалық медицина орталығын AIATC компаниясы сатып алғанына қарамастан оны "Сұлулық және эстетика орталығы" басқарады. Бұл компанияның директоры Гуля Аннанепесова. Журналистер AIATC директорының аты-жөні Гуля Аннанепесова екенін анықтаған.

Аннанепесова Гурбангулы Бердімұхамедовпен екі рет шетелге сапарында бірге жүрген. Біріншісі 2017 жылдың наурыз айында Катарға барғанда және 2019 жылдың қараша айында Италияға барған сапары кезінде байқалған. Делегация тізімінде ол косметолог және дәрігер ретінде көрсетілген.

2016 жылы Түркіменстан тәуелсіздігінің 25 жылдығында оған арнайы медаль берілген.

Дереккөз мәліметінше, Аннанепесова ұлттық қауіпсіздік министрлігінде жұмыс істеген Мақсат Гелдиевке тұрмысқа шыққан. Ол Түркіменстанда интернет-цензураны енгізген адамдардың бірі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG