Accessibility links

Сот белсенді Әсет Әбішев пен құқық қорғаушы Айдар Сыздықовты тағы 15 күнге қамады


Солдан оңға қарай: "Алға, Қазақстан!" партиясын құру бастамасының өкілдері Әсет Әбішев, адвокат Мейіржан Досқараев, құқық қорғаушы Сергей Измайлов. Астана, 5 желтоқсан 2023 жыл.
Солдан оңға қарай: "Алға, Қазақстан!" партиясын құру бастамасының өкілдері Әсет Әбішев, адвокат Мейіржан Досқараев, құқық қорғаушы Сергей Измайлов. Астана, 5 желтоқсан 2023 жыл.

20 желтоқсанда сот "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын құру жөніндегі бастама топтың мүшесі Әсет Әбішев пен құқық қорғаушы Айдар Сыздықовты тағы 15 күнге қамады. Олар 6 желтоқсанда Астанадағы арнайы қабылдау орны маңында ұсталғаннан кейін "медициналық куәландыруға барудан бас тартқаны үшін" кінәлі танылды. Бұл жөнінде 22 желтоқсанда Qaharman құқық қорғау тобы хабарлады.

Сот сайтында Әбішевке шыққан қаулы жарияланды. Белсенді тағылған айыптарды жоққа шығарған. Сот қаулысына сүйенсек, сот кезінде белсенді мекеме қызметкерлерінің әрекеті заңсыз болғанын алға тартқан. Ол жаққа барған полиция қызметкерлері "өздерін таныстырмастан, талаптарды сақтамастан арнайы құрал пайдаланып, оларды көлікке отырғызған".

Белсендінің адвокаты Мейіржан Досқараев бірнеше өтініш түсіріп, соттан "қылмыс құрамы болмағандықтан өндірісті тоқтатуды" өтінген. Алайда сот өтініштерді орындамаған.

Адвокаттың сөзінше, судья Қожабергенов осыған ұқсас айыппен Айдар Сыздықовты да 15 тәулікке қамаған.

Белсенділер Әсет Әбішев пен Сергей Измайлов, құқық қорғаушы Айдар Сыздықов 6 желтоқсанда Астанадағы әкімшілік жазаға тартылғандар отыратын қамау мекемесінің алдында ұсталған. Олар мекемеге белсенді Қанатхан Әміреновті қарсы алу үшін барған. Ұзақ күткеннен кейін белсенділер мекеме өкілдерінен дәретхана сұраған, себебі ғимарат маңында дәретхана болмаған. Бұдан соң мекеме кезекшісі полиция шақырып, белсенділер ұсталған. Интернетте жарияланған видеода Сыздықов өзін полиция "ұрып-соққанын" айтты. Полиция бұған дейін түсініктеме бермеген.

7 желтоқсанда сот Әсет Әбішев пен Айдар Сыздықовты "ұсақ бұзақылық" бабы бойынша 15 тәулікке қамаған. Белсенділер тағылған айыптарды жоққа шығарған.

8 желтоқсанда сот "11 қазанда әділет министрлігі алдында қамаудағы белсенді Марат Жыланбаевты қолдап, акция өткізгені үшін" Сергей Измайловты 15 тәулікке қамады. Жуырда Марат Жыланбаев "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" және "экстремизмді қаржыландырды" деген айыппен жеті жыл түрмеге кесілген. Жабық өткен сотқа бақылаушылар қатыстырылмады. Жыланбаевтың жақтастары істің саясиланғанын айтады. Құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқын" деп таныған.

Құқық қорғау тобы Қанды Қаңтар оқиғасының екі жылдығы жақындаған шақта билік белсенділерді қамай бастағанын жазды.

XS
SM
MD
LG