Ресей президенті Владимир Путин қазіргі майдан сызығында Украинадағы соғысты "тоқтату" туралы келіссөзге дайын. Бұл жөнінде The New York Times басылымы жазды. Басылым Кремльмен байланысын үзбеген Ресейдің бұрынғы жоғары лауазымды шенеуніктеріне, сонымен бірге Путиннің шабармандарынан тиісті ұсыныс алған АҚШ және өзге елдердің ресми тұлғаларына сүйеніп жазған.
Мәскеу ресми түрде "соғысты тоқтатуды" ұсынған жоқ. 14 желтоқсанда баспасөз жиынында Путин "арнайы әскери операцияның" (Ресей Украинаға басқыншылығын "арнайы әскери операия" деп атайды) мақсаты өзгерген жоқ" деп мәлімдеген еді.
The New York Times-тің жазуынша, былтыр қыркүйекте Украинаның сәтті қарсы шабуылынан кейін Путин қазіргі майдан сызығында әскери қимылдарды тоқтату бойынша келіссөздерге ыңғай білдіре бастаған. Былтыр қарашадан бері Ресей Херсонды бергеннен кейін майдандағы жағдай сәл өзгерген – Ресей билігі Бахмутты бақылауға көшті, украин жауынгерлері оңтүстікте алға жылжыды.
Кремльдегі жағдайдан хабардар аты-жөні айтылмаған Ресей өкілдеріне сүйенген басылым Путин "тәуекелді азайтуға" тырысып, өзі күткеннен де әлдеқайда созылып кеткен соғысты аяқтаудың түрлі амалдарына дайын екенін айтады. Егер Путин айтқан шарттармен келісім жасалса, онда Ресей басшысы "арнайы әскери операция" мақсаттарына жетпесе де, "жеңіс" туралы мәлімдеуге дайын дейді.
Американың бірқатар өкілдері Путин "соғысты тоқтатуға" шын пейіл білдіріп отыр дегенге сенбейді. New York Times-дің дереккөздерінің пікірінше, шайқаста жеңістерге жетсе, Ресей басшысы атысты тоқтату идеясынан да бас тартуы мүмкін.
"Ол шынымен де қазіргі позицияда тоқтағысы келеді. Бірақ бір метрге де шегінгісі келмейді" деп басылым дерекөздердің бірінің сөзінен үзінді келтіреді. Ақпаратқа қарағанда, Путин Украинаны НАТО-ға мүше ретінде алмау туралы талаптан да бас тартуға әзір, себебі Украинаны бәрібір ол жаққа алмайды деп санайды. (Алайда Украинаның НАТО-ға қосылу мүмкіндігі Ресейдің Украинаға басып кіруіне себеп ретінде аталған).
Басылымның жазуынша, Украина бұл шарттарды қабылдауға дайын ба, ол жағы белгісіз. Киев ресми түрде Ресей әскері Украинаның халықаралық деңгейде мойындалған шекарасынан кетіп, 2014 жылы аннексияланған Қырымнан да кеткенде ғана бейбіт келіссөзге дайын екенін мәлімдеген. The New York Times дереккөздері Украина билігі елдің шамамен 20 пайызын Ресейдің бақылауында қалдыруға келіспейді деп санайды.
Ресей Қырымнан бөлек, Украинаның тағы төрт облысын ресми түрде өзінің аумағы деп санайды. Алайда төрт облыстың ешқайсысын толық бақылауында ұстап отырған жоқ. Украина әскері аталған төрт облыстың екеуінің орталығы – Херсон мен Запорожьені бақылауында ұстап отыр.
Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков The New York Times басылымына "сіз айтқан тезистер концептуалды түрде дұрыс емес" деді. Песковтің сөзінше, Путин келіссөзге дайын, бірақ Ресей шарттары орындалған жағдайда ғана.
Мақалаға сүйенсек, қыркүйектің соңынан бастап Батыс өкілдеріне Ресей жақтан Путиннің атысты тоқтатуға дайын екенін білдіретін түрлі "сигнал" түсе бастаған. Путин үшін атысты тоқтатуға ең қолайлы уақыт – президент сайлауалды кезеңі, яғни қаңтар мен ақпан. Президент сайлауы наурыздың ортасына белгіленген.
ПІКІРЛЕР