Accessibility links

Жаналғыш қайта оралды: путиндік Ресейді Сталиннің елесі кезіп жүр


Ресейдің Великие Луки қаласында ашылған Сталин ескерткіші. 15 тамыз 2023 жыл.
Ресейдің Великие Луки қаласында ашылған Сталин ескерткіші. 15 тамыз 2023 жыл.

Иосиф Сталин осыдан 70 жыл бұрын қайтыс болды, алайда бүкіл Ресейде оның ықпалы әлі күнге сезілетіндей: «Біз әлі Сталин салып кеткен жолмен жүріп келеміз, қоғамда халықты қорқытып басқару, бөліну, бойсұну сияқты әлеуметтік кеселдер басым».

Татарстанның Набережные Челны қаласындағы жекеменшік мектептің ауласында өзгеше ескерткіш тұр: Сталин көшеде орындықта отыр және жанынан өтіп бара жатқан адамды әңгімелесуге шақыратындай. Отырысына қарап, ол жанындағы адамды мұқият тыңдап отыр ма, әлде бірдеңені асықпай түсіндіріп отыр ма, біліп болмайсың. Оның өмірде мұндай адам болмағаны белгілі.

Ресейде Сталинге арналған жүзден аса ескерткіш бар, оның жартысынан көбі елді Путин басқарған 24 жыл ішінде тұрғызылған. Алайда Набережные Челны қаласындағы ескерткіш салып кеткен жолы елдегі өмір салтына әлі күнге ықпал етіп келе жатқан Сталинге деген халықтың қайшылықты көзқарасын толық айшықтап тұрғандай. Кремль мемлекетшілдік, ұлтшылдық және милитарлы бағдарламаларын насихаттау үшін оның есімін пайдаланады. Сарапшылар оларды іс жүзінде неосталиндік бағдарламалар деп атайды.

"Қазіргі Ресейде "Ленин" дегеніміз – мавзолей, музейден басқа ештеңе емес, – деп жазады 2003 жылы ЮКОС тарағаннан кейін Израильге көшіп кеткен бұрынғы ресейлік кәсіпкер Леонид Невзлин. – Ал "Сталин" – біздің өміріміз. Қазіргі режим Сталинге қатысты көзқарасын шешкен жоқ, ол тақырыпқа басымдық бермейді, ол өте қауіпті мәселе деп айтылады. Бірақ олай емес. Путин режимінің Сталинге, сталиндіктерге, сталинизмге деген көзқарасы анық. Ол, біріншіден, режимнің қайдан шыққанымен байланысты. Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті, Мемлекеттік саяси басқарма, Бүкілресейлік төтенше комиссия идея және практик ретінде "сталинге" қарсы бола алмайды. Сталин олардың басшысы, тағдыры, биографиясы. <…> "Сталин" – халықты сталинизация процесіне қатыстыруды, неосталинистерге айналдыруды көздейтін арнайы операциялардың бірі. Мәдени-менталды тұрғыдан біз әлі сталиндік қоғамның мүшесі болып қалып отырмыз".

Татар белсендісі Руслан Айсин Сталинді "қауымаралық байланыстарды үзіп, ықтимал қарым-қатынастарға тұсау сала отырып, советтік кеңістікті бағынышты, біртұтас қоғамға айналдыру үшін бар жанын салған" бірегей манипулятор деп атады. "Біз әлі Сталин салып кеткен жолмен өмір жүріп жатырмыз, қоғамда халықты қорқытып басқару, бөліну, бойсұну сияқты әлеуметтік кеселдер басым", – дейді ол.

"ҚОРЫҚҚАНДЫ ҚҰРМЕТТЕЙДІ"

Сталин елесін қайта жаңғырту ширек ғасыр бұрын, Ресей билігінің басына қауіпсіздік комитетінің офицері Владимир Путин келген соң басталды. 90-шы жылдардың басында Юрий Левада атындағы қоғамдық пікірді зерттеу тәуелсіз орталығы ресейліктерден тарихта аты қалған заманның заңғар тұлғаларына қатысты пікірін сұрай бастайды. 1994 жылы Сталин 20 пайыз ғана дауыс жинап, төртінші орын алады. 2012 жылы ол бірінші орынға көтерілген және содан бері әлі сол орнынан тапжылмаған. 2021 жылы ресейліктердің 40 пайызы Сталиннің есімін атаса, 2023 жылы халықтың 47 пайызы Сталинді бәрінен қатты құрметтейтінін мойындады.

"Құрмет" – қазіргі тілде адамның жүрегіне орын тепкен шынайы сезім, сол құрмет көрсететін адамыңның жоғары дәрежесін мойындау, – деп жазады "Левада-центр" әлеуметтік-мәдени зерттеулер бөлімінің басшысы Алексей Левинсон. – Біздің респонденттер "Қорыққанды ғана құрметтейді" дегенді жиі айтады. Сталинге қатысты жауаптарда осы нәрсе көрініс тапқан".

Сталин образы мен советтік дәуірден қалған психологиялық мұраны халыққа қатысты қолдану 1999 жылдың ең соңғы күні Путин мемлекет басшысы атанған сәттен басталды. Алғашында Сталинді Совет Одағының нацистік Германияны жеңуіне тікелей ықпал еткен "шебер менеджер" деп атады. Оның образы Екінші дүниежүзілік соғыспен байланыстырылды: Совет Одағының осы соғыстағы рөлін айшықтайтын плакаттар мен байрақтарда міндетті түрде көсемнің бейнесі тұрды.

Барнаулдағы "Сталин орталығы".
Барнаулдағы "Сталин орталығы".


Алайда жылдар жылжыған сайын Сталин мен соғыстың байланысы әлсіреді, есесіне қазір оның образы жарнамадан бастап өнер туындысына дейінгі алуан түрлі контекстерде қолданылатын болған. Мемлекеттің қолдауымен бүкіл елде бой көтерген "Ресей – менің тарихым" патриоттық парктерінде Сталиннің жүріп өткен жолы егжей-тегжейлі әрі мақтанышпен насихатталады.

Михаил Горбачевтің заманында Сталин есімі репрессияны сынағанда, ол туралы БАҚ-та жазғанда ғана сирек айтылатын. Алайда қазір оның есімімен таң атырып, күн батыру қалыпты үрдіске айналған дейді сарапшылар. "Сталин есімі қоғамдық кеңістікті кезіп кетті, – дейді Азаттық радиосына берген сұқбатында Левада-центр директоры Денис Волков. – Фольклортанушы Александр Архипов 150-ге жуық ескерткішті санап шықты. Негізінен, бұл – төменгі жақтың бастамасы. Кейде коммунистік партия көмектеседі, бірақ шындығында қарашаның тілегі. Күшті көсемді, қамқор басшылықты аңсауы".

Путин басқарған уақытта Ресей "авторитаризм кемелденген" кезеңіне жетті деп есептейді көптеген ғылыми-білім беру жобаларының авторы, биолог Илья Колманский. Соның нәтижесінде "халық өмір сүріп жатқан жоқ, мобилизация жағдайында күнелтіп қана жүр. Мемлекет оны сыртқы агрессиядан қорқыту үшін пайдаланады, онысымен автократия мен күшті көсемге деген қажеттілікті ақтап алады".

Сталин есімін қайта жағыртудан бөлек елде советтік саяси терродың басты практиктерінің бірі Феликс Дзержинскийдің қызметіне қайта баға беру жүріп жатыр. 1991 жылдың тамызында Лубянкадағы КГБ штаб-пәтері алдында тұрған Дзержинский ескерткішін сүру авторитаризм мен репрессияның жойылуы символына айналған болатын.

Феликс Дзержинскийдің құлаған ескерткіші. Мәскеу, 23 тамыз 1991 жыл.
Феликс Дзержинскийдің құлаған ескерткіші. Мәскеу, 23 тамыз 1991 жыл.

Биыл қыркүйекте Сыртқы барлау қызметі (СБҚ) ғимараты алдына сол ескерткіштің сәл кішірейтілген көшірмесі тұрғызылды. СБҚ директоры, бұрынғы МҚК офицері және Ресейдің мүдделеріне нұқсан келтіретін тарихты бұрмалау әрекеттеріне қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның төрағасы Сергей Нарышкин осы іс-шараға жетекшілік етті. Дзержинский "ізгілік пен әділдік қағидаттарына негізделген болашақ құруды армандады", – деп мәлімдеді Нарышкин сөйлеген сөзінде.

Бір ай өткен соң, 24 қазанда Киров облысы, Орлов қаласындағы балалар саябағында Сталиннің ескерткіші бой көтерді. Ескерткіштің ашылу шарасына Сталиннің шөбересі Селим Бенсаад пен Феликс Дзержинскийдің бауырының немересі Владимир Дзержинский қатысты. Қала мэрі ескерткішке бұл орынды таңдаған себебін "Совет өкіметі кезінде Сталинге арналған ескерткіш дәл осы жерде тұрған болатын" деп түсіндірді. Жергілікті басылым тұрғындар бұл бастаманы қолдамайтынын айтып, прокуратураға жүгінді.

Феликс Дзержинскийдің бауырының немересі Владимир Дзержинский коммунистер митингінде. 1 мамыр 2023 жыл.
Феликс Дзержинскийдің бауырының немересі Владимир Дзержинский коммунистер митингінде. 1 мамыр 2023 жыл.

ЕСКЕРТКІШ ЕМЕС, БАҚША МҮСІНІ; МУЗЕЙ ЕМЕС, ТУБЕРКУЛЕЗ ДИСПАНСЕРІ

2020 жылдың маусымында бизнесмен-коммунист Алексей Зоров Төменгі Новгород маңындағы Бор қаласының жер теліміне Сталиннің қоладан құйылған үш метрлік ескерткішін орнатқан болатын. Жергілікті әкімшілік басшысы Александр Киселев ескерткіш орнату үшін биліктен келісім алған жоқ деп, полицияға шағымданды. Алайда полиция бұл әрекетті құқықбұзушылық деп санамайтынын, ол ескерткіш емес, "декоративті бақша мүсіні" екенін айтып, шағымды қабылдамады.

Былтыр маусымда Зоров сол жерге "Сталин-центр" атты музей кешенін тұрғыза бастады. Ол журналистерге көрмеде Сталиннің "жеке топтамасындағы" заттар болатынын айтты. 2021 жылы жоба жайлы хабар тарап, әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. "Бұл – тарихымызға деген құрмет, – деп жазды пікір иелерінің бірі, – Оған қоса жағымды тарих. Ұлы Совет Одағының құрылу дәуірі. Бізде қазір тек оның құлағанын еске түсіретін "Ельцин-центр" мемориалы ғана бар".

Ресейлік коммунистер мен ұлтшылдар 2015 жылы Екатеринбургте ашылған Ельцин орталығын жиі сынайды. РФКП атынан президенттікке үміткер Павель Грудинин оны жауып тастауды ұсынды. Маусымда әділет министрлігі орталыққа "шетелдік агент қызметі бар-жоғын анықтау үшін" тексеріс жүргізетінін мәлімдеді. "Сталин орталығын Ельцин орталығына қарама-қарсы орнату керек, – деп жазды желідегілер. – Содан соң келушілер санын салыстыру қажет".

16 желтоқсанда "Ресей коммунистері" партиясы Барнаулда Сталин орталығын ашты. Өлкелік заңнама жиынының депутаты Сергей Матасов орталықтың ашылуында "шетелдік агенттермен, Ельцинді және Навальныйды жақтаушылармен Сталин әдісімен күресуге" уәде берді.

Колыма жағалауындағы Дебин ауылы 1935 жылы адам төзгісіз жағдайда өмір сүрген тұтқындарға арналған еңбек лагері ретінде құрылды. Ауылдағы ең үлкен үй – туберкулез диспансерінің үш қабатты кірпіш ғимараты. "Басында бұл Колымадағы ең ірі ғимарат болған, қудаланғандарды күзететін қарауыл жасақ осында орналасты, – дейді өлкентанушы Иван Джуха. – Одан соң аурахана ашты, ол жерде осы жаққа жер аударылған Шаламов өлім аузынан қалды. Ол "социализмге жете жаздаған" (адам "өле жаздады" дегенді білдіретін сол кездегі тіркес) "тірі өлік" еді. Бірақ бұл ауруханадағылар оны аман алып қалды, осында тұтқында отырып өлең, әңгіме жазды".

Шаламов мерзімінің көп бөлігін Колымада өткізген. Жазушыны тұтқын-дәрігер құтқарып қалған. Кейін ол Шаламовты фельдшерлер курсына орналастырған. Содан соң 1946 жылы Шаламов Дебинге жөнелтіліп, хирургия бөлімінің фельдшері болып жұмыс істейді. 1953 жылы Колымадан кетіп, "Колыма хикаяларын" жазуға отырады.

"Шаламов – тағдыры трагедияға толы мықты тұлға. Оның үстіне музей жазушының ғана емес, біздің Колыманың тарихынан да сыр шертеді, – дейді Колыма тұрғыны, геология профессоры Ирина Жуланова. – Өйткені оның трагедиясы – бүкіл елдің трагедиясы, әрі одан басқа ешкім сталиндік машинаның болмысы, Колыма туралы терең әрі таңғажайып дүние жазған жоқ. Ешкім. Тіпті Солженицынның өзі, меніңше, репрессия тақырыбын ол сияқты аша алмаған".

2005 жылы бір топ энтузиаст Шаламов өмір сүрген, жазу жазған ауруханадан ГУЛАГ-тағы күнделікті өмірді бейнелейтін мемориал-бөлме ашады. Ол жерге Шаламовтың жазу кітапшалары мен қолжазбалары да қойылады. Алайда биыл қарашада билік музейді себебін түсіндірместен жауып тастады. Иван Джуха бұған аурухананың мүшкіл жағдайы туралы газетке шыққан мақала себеп болған дейді: "Сайлау қарсаңында билікке мұндай шудың қажеті жоқ. Жоғарғы жақ өзінен төменгілердің басынан нұқыған, ал олар музейдегілерге шүйліккен. Түсінгенім, бас дәрігер облыс министрінен "таяқ жеген", кейін оған губернатор қосылған. Соңында 20 жыл бойы тұрғындардың, өлкетанушылардың тарихшылардың күшімен жинақталған мұражайды жауып тастады".

Аурухана қызметкерлері мен аймақтық денсаулық сауқтау басқармасы Азаттық радиосы тілшілерінің сұрағына жауап беруден бас тартты. Жергілікті баспасөзде музей аурухана пациенттерінің денсаулығы нашар болғандықтан жабылып жатыр, ал "тарихи маңызы бар" жәдігерлерді Магаданға жібереді деп жазылды.

"Қазірде репрессия тақырыбын мейлінше көтермеуге тырысып жатыр, өйткені біз қайдатан қылмыстық мемлекетке айналдық, – дейді Жуланова. – Путин нағыз зұлымның өзі, мен ленинградтықпын, сондықтан ол аузын ашып бірдеңе десе болды, Ленинградтағы көше бұзақыларының сөзі құлағыма келеді. Мен 42-ші жылы тудым, Сталин дәуірінің шет-жағасын көрген адаммын. Сталин 53-ші жылы қайтыс болды, ол кезде мен төртінші класқа бардым. Қазір де адамдар тура сол кездегідей қорқып қалған, үндемеуді жөн көреді. Ал Шаламовтың музейіне келер болсақ, ол тағдыры бөлек, тамаша жан еді. Оған қоса адамдар өз елінің тарихын, жер бетінде ондай ғажап адамдар болғанын білуі керек деп есептеймін".

ҚҰНДЫЛЫҚТАР ШАЙҚАСЫ

2022 жылы ақпанда Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін билік сталинизм құрбандарына арналған ондаған мемориалды бүлдірді, сүрді немесе құлатты. Ғимараттарға онда өмір сүрген қуғын-сүргін құрбандарының есімдері жазылған тақтайшалар орнатумен айналысатын "Последний адрес" жобасының хабарлауынша, бұл тақтайшалар "апта сайын дерлік" жоғалады.

"Мемориал" мәдени бағдарламасының кураторы Алексендра Поливанова елде құндылықтар шайқасы жүріп жатыр дейді. 2022 жылы әлемдік Нобель сыйлығының лауреаты атанған "Мемориал" Ресейде 2021 жылы шетелдік агент қызметі туралы заңды бұзғаны үшін жабылып қалды. Сот кезінде прокурор ұйымды қудалаудың себебін: "Мемориал біздің тарихымызға күйе жақты. Ол бізді – жеңімпаз ұрпақ пен жеңімпаздар мұрагерін тарих үшін ақталуға мәжбүр етті", – деп түсіндірді.

"Украина қалаларында бомбалар жарылып, тұрғын үйлерге зымырандар құлап, адамдар қаза тапқан сайын Ресейдегі Леся Украинканың немесе Тарас Шевченконың, кейде сталиндік репрессия құрбандарының ескерткішіне гүл шоқтары қойылады, – дейді Поливанова. – Яғни, халық қазіргі ресейлік билік пен Совет одағының қылмысын еріксіз байланыстырады. Бұл – советтік мемлекеттік террорды түйсінудегі маңызды кезең".

Поливанованың айтуынша, адамдар репрессия кезінде қаза тапқан немесе із-түссіз жоғалып кеткен ата-бабалары туралы ақпарат іздеп, "Мемориалға" жиі жүгінетін болған. Олар "өзін жаналғыш емес, құрбан санайтындықтан, Украинаға жасалған әскери қылмыстан қалай болғанда бойын аулақ ұстау үшін" әулет тарихын зерттеуге көшкен.

Саяси белсенді әрі ағартушы Сергей Пархоменко құндылықтар шайқасы ондаған жыл бойы қаншама адамның маңдай тері сіңген "Мемориал" қызметінің маңызды екенін көрсетті дейді: "Бұл ұйым ұрпаққа сіңіретін керемет идея төңірегіне адамдарды топтастыра алды. Олар шығарма жазады, өз қаласының, көшесінің тарихын зерттейді, ондағы қасіретті фактілерді тауып, кінә мен әділетсіздік туралы айта бастады. Ал режимге бұл тиімсіз".

Материал Азаттық радиосының орыс қызметі журналистерінің және Сибирь.Реалии, Север.Реалии жобаларының қатысуымен жасалды. Ресей билігінің қудалауына ұшырау қаупі болғандықтан, олардың есімі аталмады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG