Accessibility links

Тергеу соты "НеМолчи.kz" қорының жетекшісін екі айға қамауға рұқсат етті


Дина Смаилова
Дина Смаилова

Өскемен қалалық тергеу соты "НеМолчи.kz" қорының жетекшісі Динара Смаилованы (Дина Таңсәрі) екі айға қамауға рұқсат етті.

"Судья [Людмила] Побияха дереу қамауға алуға санкция берді" деді Смаилова Азаттыққа.

Оның адвокаты Гүлнара Жуаспаева шешімге шағым түсіретінін айтты.

Дина Смаилова қазір отбасымен бірге шетелде тұрып жатыр. Адвокат Гүлнара Жуаспаева ақпарат құралдарына әзірге "оған экстрадиция қаупі" төнбегенін, себебі бұл "өте ұзақ процесс" екенін айтқан.

Бір күн бұрын адвокат пен оның қорғауындағы азамат іс материалдарымен таныспағаны белгілі болғаннан кейін сотта үзіліс жарияланған еді.

27 желтоқсанда Дина Смаиловаға Қазақстанда іздеу жарияланғаны хабарланды. ІІМ-нің хабарлауынша, Смаиловаға қарсы алты қылмыстық іс қозғалған, арасында "Алаяқтық" бабы да бар.

Қылмыстық іске Таңсәрінің әлеуметтік желіде жариялаған зорлық-зомбылық құрбандары туралы және зардап шеккендерге көмектесу үшін ақша жинауға шақырған жазбалары түрткі болған деп айтылады. Тергеу кей жазбадағы ақпаратты жалған деп отыр.

Смаилованың өзі Facebook парақшасында журналистерге, депутаттар мен құқық қорғаушыларға қайырылып, көмек сұрады.

"Әйелдер мен балаларды қорғау "қылмыс" екен. Көмектесу үшін ақша жинау – "баю амалы" екен, зорлық-зомбылық туралы жазу – "жалған ақпарат тарату" екен! Тергеуші Сембаева мені қамау туралы өтінішті тергеу сотына берді" деп жазды ол.

Бұған дейін Таңсәрі "НеМолчи.kz" қорының банктегі есепшоты полиция шешімімен бұғатталғанын айтқан. Өткен айда полиция "НеМолчи.kz" қорының жетекшісі Дина Смаилова мен оның жолдасына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатқанын хабарлаған. Екі жылдан астам уақыт бойы шетелде тұрып жатқан құқық қорғаушы сол кезде қорға ақша аударған қазақстандықтарды полиция тергеуге шақырып, алаяқтық туралы арыз жазуға көндіруге тырысып жатқанын жазған. Құқық қорғаушының пікірінше, билік өзін қаралап, елде жазасыз қалып жатқан, кеңінен етек алған тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі жөнінде айтқан қорды жапқысы келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG