Accessibility links

Сот Oyan, Qazaqstan белсенділерін абақтыда қалдырды


Oyan, Qazaqstan белсенділері Желтоқсан, Жаңаөзен және Қаңтар құрбандарына арналған пикет өткізіп тұр. Алматы, 16 желтоқсан 2023 жыл.
Oyan, Qazaqstan белсенділері Желтоқсан, Жаңаөзен және Қаңтар құрбандарына арналған пикет өткізіп тұр. Алматы, 16 желтоқсан 2023 жыл.

Алматы қалалық соты әрқайсысы 15 тәулікке қамалған Oyan, Qazaqstan белсенділері Бота Шәріпжан мен Равкат Мұхтаровқа шыққан шешімді өзгертпеді. Бұл жөнінде 29 желтоқсанда белсенділердің адвокаты Ғалым Нұрпейісов Азаттыққа айтты.

– Шағым бірінен кейін бірі қаралды. Онлайн сотқа Бота мен Равкат та қатысты. Бәрін айттық. Жүз жыл бұрын совет билігі ғылыми қызметкерлерді, зиялыларды түрмеге отырғызды. Қазір енді біз де соған келе жатырмыз. Бұл не сұмдық дедім. Бұл болашаққа жасалып жатқан қиянат дедім. Ал прокурор олар бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды деп шешімді өзгертпеуді сұрады, - деді Ғалым Нұрпейісов.

Ақыры сот шешімді өзгертпеген. Бота Шәріпжан мен Равкат Мұхтаров Жаңа жылды абақтыда қарсы алады.

25 желтоқсанда Алматы әкімшілік соты Oyan, Qazaqstan! белсенділері Бота Шәріпжан мен Равкат Мұхтаровты "Бейбіт митинг өткізу ережесін бұзу" бабы бойынша кінәлі деп танып, 15 күнге қамаған.

Oyan, Qazaqstan! белсенділері 16 желтоқсанда Алматыдағы Республика алаңына барып, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы, 2011 жылғы – Жаңаөзен, 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы құрбандарына тағзым етіп, "Ұмытпаймыз, кешірмейміз" деген плакат ұстап шыққан. Осы апта басында қозғалыстың екі мүшесі ұсталып, ізінше қамалды. Белсенділер өздеріне тағылған айыппен келіспеді.

16 желтоқсандағы акцияға қатысқан Oyan, Qazaqstan белсендісі Әсем Жәпішева іссапармен шетелде жүргенін айтып, өзіне де "полициядан шақырту келген болар" деп топшылаған.

Қазақстанда азаматтық белсенділер "бейбіт жиын тәртібін бұзды" деген айыппен жиі ұсталады. 2020 жылы қабылданған "бейбіт жиын өткізу" туралы заңды билік "демократияға қадам" деп мақтаса, құқық қорғаушылар "жаңа заңда ескі шектеулер сақталып қалған" деп сынаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG