Жаңа заң бойынша Беларусьтің бұрынғы президенті мен оның отбасы мүшелеріне бұрынғыдан да көп артықшылық беріледі.
- Беларусь халық мәжілісінің делегаты болады, оның келісімімен парламенттің жоғары палатасы – Республика кеңесінің өмір бойғы мүшесі болады;
- Өмір бойы мемлекеттік күзет қызметін пайдаланады;
- Президент өкілетін жүзеге асыру кезіндегі әрекеттері үшін жауапқа тартылмайды, оны осы себеппен қамауға не сотқа тартуға болмайды. Оның отбасы мүшелері де осы иммунитетке ие;
- Экс-президент пен оның отбасы мүшелерінің тұрғын үйіне, қызметтік кеңсесіне, көлігі мен байланыс құралдарына, құжаттары мен басқа да мүлкіне қол сұғылмайды;
- Экс-президент президент деңгейіндегі медициналық және көлік қызметін алуға хақылы;
- Экс-президенттің өмірі мен денсаулығы мемлекеттік бюджет есебінен сақтандырылады;
- Қызметтегі президент жалақысымен бірдей көлемде өмір бойы жәрдемақы алады;
- Қызметінен кеткен соң президент мемлекеттік жылжымайтын мүлікті, соның ішінде құрылыс нысандары орналасқан жерді сыйға алады.
Бұған қоса Беларусь президенттігіне кандидатқа қойылатын талаптар да өзгерді. Заңға енгізілген өзгеріс бойынша, бұдан былай Беларусь аумағында туған, 40 жасқа толған және соңғы 20 жылда өз елінде тұрған, басқа елдерде ықтиярхатпен өмір сүрмеген адам президенттіктен үміткер бола алады. Демек, биліктің қысымы кесірінен шетелге кетуге мәжбүр болған оппозиция өкілдері сайлау додасынан шет қалады.
69 жастағы Александр Лукашенко Беларусьті 1994 жылдан бері басқарып келеді, ол жеті рет қатарынан президент сайлауында жеңімпаз деп танылған. 2022 жылы Конституцияға енген жаңа өзгерістер бойынша, ол екі мерзімнен артық президент болып сайлана алмайды. Кей сарапшылар ол президент қызметінен кетіп, Беларусь халық мәжілісінің төрағасы қызметіне ауысып, сол арқылы билікті қолында сақтап қалуы мүмкін деп болжайды.
Жаңа заң бойынша, Беларусь халық мәжілісі Конституцияны жүйелі түрде бұзған, ауыр қылмыс жасаған адамды қызметінен кетіре алады.
Александр Лукашенко соңғы рет 2020 жылғы тамызда өткен президент сайлауында қайта сайланғанын жариялаған. Сайлау көп бұрмалаумен өтті деген оппозиция өкілдері нәтижені мойындаудан бас тартқан. Сол жылы Беларусьте ондаған мың адам қатысқан қарсылық акциялары болып, оның соңы наразыларды жаппай қудалауға ұласты. Көп халықаралық ұйымдар мен Батыс мемлекеттері Лукашенконы елдің заңды президенті деп танудан бас тартты.
ПІКІРЛЕР