5 қаңтарда Қазақстан қалаларында жұрт қала орталықтарына жиналып, Қаңтарда оққа ұшқан марқұмдарды еске алып, Құран бағыштады.
Алматыда жұрттың біраз бөлігі Қаңтар құрбандарына арналған "Тағзым" мемориалына келіп, Қаңтар құрбандарының тізімі жазылған бірнеше плакат, марқұмдардың суреттері мен гүл шоқтарын қойды. Бұған дейін марқұмдардың туыстары ескерткіште Қаңтарда қаза болған 238 адамның аты-жөні жазылмағанына наразылық білдірген.
Кейбір азаматтар билік қойған "Тағзым" мемориалына көңілдері толмайтынын айтып, құрбандарды Республика алаңындағы Тәуелсіздік монументінде еске алды. Белсенділердің басым бөлігі осы жерге жиналды. Республика алаңындағы адамдар "Біз – террорист емеспіз!" деп ұрандатты. Олар Қаңтар құрбандарының тізімі жазылған плакат жайды.
– 2022 жылы қаңтарда шейіт болған, "халқым, жерім, елім" деп өмірден озған азаматтарды еске алу үшін жиналдық. Мен де сол өзіммен тағдырлас, өмірден озған бауырларымды еске алып, бүгін келіп тұрмын, - деді Қаңтарда азапталып, екі көзінен айырылған Ермек Әбдірешов.
Ол бұған дейін билікті сотқа беріп, мемлекеттен 25 миллион теңге өтемақы талап еткен. Бірақ сот былтыр шілдеде Ермек Әбдірешовтің арызын ішінара қанағаттандырып, мемлекеттен оған 2 миллион теңге өндіріп алу туралы шешім шығарған. "Мемлекет тағайындаған сомаға көңіліміз толмайды. Енді бұйыртса, кассацияға берейік деп жатырмыз" деді Ермек Әбдірешов Азаттыққа.
Қоғам белсендісі, журналист Рысбек Сәрсенбай "Думан Мұхаммедкәрім, Әйгерім Тілеужан, Марат Жыланбаев, Қалас Нұрпейісов пен басқа да белсенділер Қаңтар ақиқатын, өз пікірін айтқаны үшін қамауда отыр. Саяси белсенділерге бостандық беруді талап етуіміз керек. Бұл талапты күнде айтуымыз керек" деді.
Алаңға жиналған жұрт марқұмдарды еске алып, Құран бағыштады. Айналада полиция қызметкерлері, жәй киім киген күштік құрылым өкілдері жүрді. Олар оқиғаларды сырттан бақылады. Алаңда жедел жәрдем көлігі де байқалды.
Өскеменде де жұрт Қаңтар құрбандарын еске алуға жиналды. Бұл жөнінде Арайлым Сағатбаева Азаттыққа хабарлады. Қала орталығында Қаңтар құрбандарына тағзым деген жазуы бар баннер ілінген жерге Қаңтарда қаза болғандардың суреті мен өлеңдер жарияланды.
Ресми мәлімет бойынша, дүрбелең кезінде Өскеменде үш адам қаза болған. Полиция үш адамды атқандар табылмады деп мәлімдеді. Өскеменде қаза тапқан марқұмдардың есімі "Қазақстан халқына" қорының "кездейсоқ құрбандар" тізіміне енгізілді.
Жұма күні Шымкент белсенділері Қаңтар оқиғасында қайтыс болған адамдарды еске алу үшін қала әкімдігі алдындағы алаңға барып, Құран оқыды. Әкімдікке барып, қайтыс болғандарды еске алу үшін ескерткіш не естелік тақта орнатуды талап етті. Қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы "Қаңтар оқиғасына саяси баға берілмейінше ескерткіш не естелік тақта орнатылмайды" деді. Әкімдік маңын полиция күзетіп тұрды. Жол жиегінде терезесі пердемен жабылған автобус тұрды.
Бұған дейін Қаңтарда қаза тапқандардың туыстары Алматыда жергілікті биліктен марқұмдарға арнап ас беруді талап еткен. Әкімдік мұндай іс-шараға бюджеттен қаржы бөлінбегенін алға тартқан. Бір күн бұрын Шымкентте полиция мен әкімдік Қаңтарда қаза болғандардың туыстарына алаңға бармауды ескерткен.
Қаңтардың екі жылдығы қарсаңында елде бірқатар белсенділер ұсталып, қамалған.
Екі жыл бұрын сұйытылған газдың қымбаттауынан басталған наразылықтың соңы бірнеше қалада тәртіпсіздікке айналып, кемінде 238 адам қаза болған. Сарапшылар Қаңтар қантөгісінен бері екі жыл өтсе де, Қаңтардың негізгі сұрақтарына жауап берілмеді деп санайды. Құқық қорғаушылар адам өлімі бойынша қылмыстық істердің басым бөлігі тоқтатылғанын, азаптау шағымдарының басым бөлігінің қаралмағанын айтады. Ал билік "Қаңтар біржақты тергелді" деген сынмен келіспейді.
Ресми Астана Қаңтарды халықаралық тергеу туралы ұсыныстан бас тартқан.
ПІКІРЛЕР