Bloomberg агенттігі 9 қаңтарда Украина өкілдері, "Үлкен жетілік" және Үндістан, Қытай, Бразилия, Африка елдерінен құралған "Ғаламдық оңтүстік" елдері арасында Украина бойынша құпия кездесу өткенін хабарлады.
Жағдайдан хабардар Bloomberg дереккөзі бұл 2023 жылы 16 желтоқсанда Сауд Арабиясында өткен ұлттық қауіпсіздік кеңесшілері деңгейіндегі кездесу екенін атап өтеді. Оған дейін де Украина бойынша одан да ірі, көп жарнамаланған талқылаулар болған.
Кездесуді құпия етудің бір мақсаты оған қатысушылардың өздерін ашық әрі жайлы сезінуіне жағдай жасау деп айтылады.
Bloomberg дереккөзінің айтуынша, Эр-Риядтағы кездесуде ешқандай ірі келісім жасалмаған. Украина мен "Үлкен жетілік" елдері Ресеймен тікелей қарым-қатынас жасау керек деген ұстанымды қолдайтын "Ғаламдық оңтүстік" елдерінің ұсынысына қарсы болған.
Агенттіктің жазуынша, желтоқсандағы кездесуге Үндістан, Түркия және Сауд Арабиясынан шенеуніктер қосылған, ал Қытай, Бразилия, Біріккен Араб Әмірліктері өз өкілдерін жібермеген. Bloomberg агенттігінің жазуынша, кездесуге қатысушылардың көбі Пекинді Мәскеуге ықпал ете алатын маңызды ел ретінде қарастырады.
Киев пен оның одақтастары кездесу кезінде кез келген әділдік Украинаның территориялық тұтастығы мен егемендігін сақтау принципіне сәйкес келуі керек деген ұстанымынан айнымайтындығын растаған. "Үлкен жетілік" елдері Украинаны қолдай беретінін жеткізген. АҚШ пен ЕО Киевке әрі қарай да көмек бере алатындығын сеніммен айтқан.
АҚШ әкімшілігінің ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесі түсініктеме берген жоқ. Украина және Сауд Арабиясы үкіметтері де сауалдарға жауап берген жоқ, деп жазды Bloomberg агенттігі.
- Былтыр қыркүйекте Шығыс экономикалық форумы сессиясында сөйлеген Ресей президенті Владимир Путин Ресей Украинамен келіссөзге дайын, алайда өз мүдделері ескерілген жағдайда ғана келіссөзге баратынын айтқан. Киевтің "Ресей әскерін Украина аумағынан толық шығару" және "Украинаның басып алған аумағынан да кету" туралы шарттар негізінде диалог орнату туралы ұсынысын Мәскеу кері қаққан.