Accessibility links

Ақтауда қытайлық компанияның жұмысшылары ереуілдеп жатыр


"Великая стена" компаниясының жұмысшылары президентке үндеу жасап тұр.
"Великая стена" компаниясының жұмысшылары президентке үндеу жасап тұр.

Ақтауда "Великая стена" компаниясының жұмысшылары жалақы өсіруді, жұмысшыларды қысқартпауды және еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп ереуілдеп жатыр. Жұмысшылардың айтуынша, ереуіл 5 қаңтарда басталған. Әлеуметтік желіде тараған үндеулерінде олар президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан жағдайға араласып, мәселенің шешілуіне ықпал етуін сұрайды.

– Кәсіпорында жұмыс көлемі бола тұра өз жұмысшыларын қамтамасыз етпей, сырттан мердігер компанияларды жалдап жатыр. Енді жұмыс көлемі азайды деп жұмысшылардың санын қысқартуды қарастырып отыр. Бұл ҚР Еңбек кодексінің 52-бабына қайшы. "Великая стена" мекемесінде бірдей тарифпен, бірдей жұмыс көлемін атқарып жүрген басқа мекемелермен салыстырғанда жұмысшылардың айлық мөлшері тепе-тең емес. Бірнеше жылдан бері болып келе жатқан еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласының жағдайы төмен, – дейді үндеуді оқыған жұмысшылардың бірі.

Аты-жөнін атамаған жұмысшылардың бірінің Азаттыққа айтуынша, компанияда 1 қаңтардан бері жұмыс жоқ. Мекемемен жасалған келісім бойынша, егер жұмыс көлемі болмаса, жұмысшыларға жалақыларының 50 пайызы төленеді.

– Жалақыны тым болмағанда 20-40 пайызға өсіруді сұрап отырмыз. Қымбатшылық, инфляцияны бәрін жеп қояды. Бұған қоса, жұмысшылар жататын жер бар ғой. Вахта вагончигі дейміз. "Великая стена" Қазақстанға 2004-2005 жылы келді. Содан бері ештеңе өзгермеген. Кейбір вагондар шіріп жатыр. Едендері тесіліп жатыр. Бұған қоса, мекеме өндірісте жарақат алған балаларға көмектеспейді, – дейді ол.

Оның сөзінше, осыдан шамамен үш ай бұрын бір жұмысшының өндірісте екі қабырғасы сынған. Бірақ мекеме оның емделуіне көмектеспеген.

Ақпаратқа қарағанда, 8 қаңтарда әкімдікте мекеме басшылары және кәсіподақ өкілдері арасында кездесу болған. Мекеме басшылары ереуілшілерге "жалақыны өсіру туралы талапты мүлде айтпаңыздар. Ал жұмыс көлемімен қамтамасыз етеміз, бірақ ескі жалақыны ала бересіздер. Еңбек жағдайы бірте-бірте шешіледі" деген. Азаттық әзірге Ақтау әкімдігінен жауап ала алмады.

Кеңсе қызметкерлерінің бірі Азаттыққа "жұмысшылардың айтып отырғаны рас. Демалыс санаған кезде дұрыс санамайды деп жатыр. Олар еріккеннен шықпайды ғой. Біз [ереуілге] қосылсақ, бізді де жұмыстан шығарып тастайды ғой" деді.

Ал компанияның заңгері "компания басшылығы түсініктеме бере ме" деген сұраққа жауап бере алмады. Ол басшылармен сөйлесіп көретінін айтты.

"Бұл ереуіл емес деп санаймыз. Себебі бізде қазір жұмыс жоқ. Сондықтан бұған ереуіл деп анықтама бере алмаймыз" деді ол.

"Великая стена" ЖШС жұмысшылары Қаламқас, Бозащы, Жетібай кеніштеріне бұрғылау және ұңғымаларды жөндеу жұмыстарын жүргізеді.

Былтыр мамыр айында "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясына қарасты "Жетібаймұнайгаз" өндірістік бірлестігінде дәнекерлеу жұмыстары кезінде "жарылыс" болып, бір жұмысшы қаза болған. Ұңғымада "Великая стена" компаниясының бригадасы жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан. Компания сол кезде мұны "қайғылы оқиға" деп атаған.

Ашық дереккөздерге сүйенсек, "Великая стена" компаниясы 2022 жылы – 2,6 млрд теңге, 2023 – 4,6 млрд теңге салық төлеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG