Accessibility links

West oil ереуілшілерді жаппай жұмыстан шығара бастайтынын ескертті


West Oil Software жұмысшылары компанияны ҚМГ мердігері Oil Transport corporation (ОТК) балансына қосуды, бірыңғай төлем жүйесін енгізуді және материалдық-техникалық базаны жаңартуды талап етті. Жетібай кеніші, Маңғыстау облысы, 15 желтоқсан, 2023 жыл
West Oil Software жұмысшылары компанияны ҚМГ мердігері Oil Transport corporation (ОТК) балансына қосуды, бірыңғай төлем жүйесін енгізуді және материалдық-техникалық базаны жаңартуды талап етті. Жетібай кеніші, Маңғыстау облысы, 15 желтоқсан, 2023 жыл

Маңғыстау облысы Жетібайда желтоқсан басынан бері жұмысшылары ереуілдеп тұрған West Oil Software компаниясының басшылығы кәсіпорын "шығынға батқанын" алға тартып, "жұмысқа оралмаған ереуілшілерді 12 қаңтардан бастап" жұмыстан шығаратынын ескертті.

West Oil Software компаниясының жүздеген жұмысшысы компанияны "ҚазМұнайгаз" құрылымына қосуды, ЕСОТ жүйесіне сәйкес жалақыны теңестіру, техниканы жаңартуды талап етеді. Бұған дейін "ҚазМұнайгаз" техниканы жаңарту туралы талаптан басқаларын орындай алмайтынын мәлімдеген. Ал West oil жұмысшылары шарасы таусылғандықтан Астанаға өкілдерін жібергенін, алайда мәжіліс депутаттарымен жолыға алмағанын айтқан.

Бұған дейін жұмысшылар өздеріне қысым жасалып жатқанына шағымданған, ереуілді "заңсыз" деп таныған сот шешімімен келіспейтіндіктерін айтқан.

"Орындалуы мүмкін емес талаптардың қойылуы нәтижесінде компанияға күн сайын материалдық шығын келіп жатыр. Бүгінгі таңда ереуілге қатысушылардың заңсыз әрекетінің салдарынан компанияға шамамен 499 млн теңге залал келді. Бұл компанияның қаржылық жағдайына ғана емес, ереуілге шыққан жұмысшылардың отбасылық бюджетіне де әсер етеді" деп жазылған West Oil Software компаниясының 11 қаңтарда таратқан мәлімдемесінде. Мәлімдемені жергілікті басылымдар атап айтқанда, Lada, Mangystaumedia сайттары жариялады. Мекеменің ресми сайтынан мәлімдеме табылмады.

Компания хабарламасында "ат басындай алтын береміз" деп "уәде еткен" "арандатушылар" туралы айтқан, алайда онысына ешқандай дәлел келтірмеген.

West Oil Software жұмысшылары 8 қаңтарда президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа тағы үндеу жолдап, мәселелерін шешіп беруді талап еткен. Олар "талабымыз орындалғанша ереуілді тоқтатпаймыз" деп мәлімдеген.

«Айтарға сөзіміз таусылды. Бізді соттады, жеті адамды жұмыстан шығарды. Біз жайлы әртүрлі жалған ақпарат таратты. Ұжым атынан өкілдерімізді Астана қаласына жібегенбіз. Алайда сол өкілдерімізбен қолында билігі бар үкімет басшылары кездесуге құлықсыз. Әлихан Смайылов, ел тағдырын қолыңызға ұстап отырып үнсіз қалуыңыз сізге сын. Қайда біздің «жаңа Қазақстан»? Қайда біздің «естуші үкімет»? Қайда біздің мандат аларда жан берісіп, жаға жыртысып сайланған депутаттар? Әділ шешім шыққанша, заңды ереуілімізді тоқтатпаймыз» деген еді жұмысшылар қаңтар басында.

Күні-түні далада тұрған ереуілшілердің бірі денсаулығы сыр беріп, бұған дейін ауруханаға түскен.

Қарақия ауданы әкімдігі 20 желтоқсанда West Oil Software қызметкерлері "Қазмұнайгазбен" келіссөз жасаудан бас тартты" деп мәлімдеген еді. Ізінше West Oil Software мұнай-сервистік компаниясының жұмысшылары келіссөзден бас тартпағанын мәлімдеп, президент Тоқаевты мәселені шешуге араласуға үндеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG