Accessibility links

АҚШ Солтүстік Кореядан Ресейге баллистикалық ракета тасымалдаған компанияларға санкция салды


АҚШ мемлекеттік департаменті 11 қаңтарда Солтүстік Кореядан Ресейге баллистикалық ракета тасымалдауға қатысы бар үш ресейлік ұйым және бір жеке тұлғаға санкция салды. Бұл жөнінде АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мәлімдеді.

"Біз әрі қарай да шаралар қолдана береміз" деді Блинкен мәлімдемесінде.

АҚШ және одақтастары 9 қаңтар күнгі ортақ мәлімдемесінде Солтүстік Корея мен Ресей әскері арасындағы қару-жарақ алмасуды айыптаған. Мәлімдеме авторлары Ресей 30 желтоқсан және 2 қаңтарда Украинаға жаппай соққы жасаған кезде солтүстіккореялық ракеталарды пайдаланғанын да сөккен.

Жуырда АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі өкілі Джон Кирби Солтүстік Кореяның Ресейге ракета тасымалдауына "алаңдаушылық білдіріп", қару тасымалдауға қатысы барларға қосымша санкция салынатынын айтқан еді.

Бұған дейін The Wall Street Journal басылымы Ресей Солтүстік Кореядан баллистикалық ракеталар мен тиісті қондырғыларын сатып алған болуы мүмкін деп хабарлаған. Мәскеу Ираннан да осындай қару түрін алуға күш салып отыр.

Солтүстік Кореяда советтік үлгідегі Р-17 ракета кешендері бар. Ол қазір "Хвасон-6" деп аталады. Батыс сарапшыларының пікірінше, ол 500-1300 шақырымға ұшуы мүмкін.

Пхеньян әскери парадтарында батыста КН-23 деген атпен белгілі шамамен 700 шақырымға дейін ұшатын Ресейдің "Искандеріне" ұқсас кешендерін көрсеткен. Шамамен 380 шақырымға ұшатын КН-25 ракеталары 2019 жылы сынақтан өткен.

Бұған дейін Мәскеу Ресей Солтүстік Кореядан ракета сатып алғаны жөнінде ақпаратты терістеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG