Accessibility links

Астана соты Ақордаға барған Қаңтар құрбандарының жақындарына айыппұл салды


Қаңтарда қаза тапқан туыстары үшін әділдік сұрап, Ақордаға келген адамдарды. Астана, 15 қаңтар 2024 жыл.
Қаңтарда қаза тапқан туыстары үшін әділдік сұрап, Ақордаға келген адамдарды. Астана, 15 қаңтар 2024 жыл.

Ақорда алдына барып, Қаңтар оқиғасында қаза тапқан туыстарын ақтауды талап еткен азаматтарға Астана соты айыппұл салды. Бұл туралы наразылық акциясына қатысқан ата-аналардың бірі Бақытжан Шыңғысбеков "Власть" сайтына хабарлады.

Шыңғысбековтің айтуынша, сот оған және Ақордаға баруға ұмтылған тағы тоғыз адамның әрқайсысына "бейбіт жиын тәртібін бұзғаны үшін" 77 мың теңге айыппұл салған. Бұл ақпаратты марқұм Бақыткелді Байқадамовтың анасы Гүлнұр Қарақасова Азаттыққа растады.

Қаңтар оқиғасында 18 жастағы ұлы оққа ұшқан Бақытжан Шыңғысбеков сот шешіміне келіспейді. Оның айтуынша, Астанаға барған марқұмдардың туыстары шешімге шағым түсірмек.

15 қаңтарда 2022 жылғы Қаңтар оқиғасында оққа ұшқан балалары мен өзге де жақын туыстарын ақтауды және құқықтық әділдікті талап етіп, Ақорда алдына барған он шақты адамды полиция ұстап әкетті. Алматы, Тараз және Шымкент қалаларынан келгендердің арасында кәмелет жасына жетпеген бір бала болды. Марқұмдардың туыстары Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуді талап етті.

Жиналғандарға әкімдік өкілі келіп, "рұқсат берілмеген жиын өткізуге болмайтынын" ескертті. Полиция оларға алдын ала жазылу керек екенін айтты.

Марқұмдардың туыстары бұған дейін де Астанаға бірнеше рет келгенін, жергілікті құқық қорғау органдары мен өзге де өкілетті орындардан мардымды жауап ала алмағанын айтты.

Екі жыл бұрын сұйытылған газдың қымбаттауынан басталған наразылықтың соңы бірнеше қалада тәртіпсіздікке айналып, кемінде 238 адам қаза болған. Сарапшылар Қаңтар қантөгісінен бері екі жыл өтсе де, Қаңтардың негізгі сұрақтарына жауап берілмеді деп санайды. Құқық қорғаушылар адам өлімі бойынша қылмыстық істердің басым бөлігі тоқтатылғанын, азаптау шағымдарының басым бөлігінің қаралмағанын айтады. Ал билік "Қаңтар біржақты тергелді" деген сынға келіспейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG