Accessibility links

Экс-депутат Нұржан Әлтаевтың үкімі өзгеріссіз қалды, сот жабық өтті


Нұржан Әлтаев
Нұржан Әлтаев

16 қаңтарда апелляция алқасы мәжілістің бұрынғы депутаты, "Ел тірегі" тіркелмеген партиясының төрағасы Нұржан Әлтаевқа шыққан үкімді өзгеріссіз қалдырды. Былтыр қарашада Астана соты саясаткерді 10 жылға бостандығынан айырып, өмір бойы мемлекеттік қызмет атқаруына тыйым салған. Апелляциялық шешімді судья Н.Е.Баяхметов шығарған.

Әлтаевтың апелляциялық шағымы алғашқы инстанциядағыдай жабық режимде өтті. Астана соты өкілінің айтуынша, Әлтаев апелляциялық сотқа онлайн қосылған. Сот өкілдері тараптардың сотта келтірген дәйектерін келтірмеген.

Саясаткердің адвокаты Гүлшат Дүйсенова Азаттыққа кассациялық тәртіпте шағым түсіретінін айтты.

Әлтаев 2023 жылы маусымда қамауға алынған. Оның соты былтыр қазан соңында басталды. "Куәгерлерді қорғау мақсатында" процесс жабық өтті. Сотта "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы жетекшісі Абылай Мырзахметов куәлік берген. Прокурор Әлтаевқа 12 жыл түрме сұраған.

Алғашқы инстанцияда Нұржан Әлтаевқа 10 жыл түрмеден бөлек, "мүлікті заңсыз иемденгені үшін" одан мемлекет пайдасына 50 млн теңге қаражат өндіруді үкім еткен. Бұрынғы депутатқа бірнеше жыл бұрын еңбек министрінің орынбасары болып тұрған кездегі пара алды деген айып тағылған. Нұржан Әлтаев сотта тағылған айыптарды жоққа шығарып, өзін билікті сынағаны үшін қудалап отырғанын айтты.

El Tiregi партиясының Facebook-те жариялаған апелляциялық шағым мәтінінде Әлтаев сот тергеуінің толымсыздына шағымданып, үкімнің күшін жоюды талап еткен. Ол сонымен бірге пара алу айыбын да жоққа шығарады.

45 жастағы Нұржан Әлтаев "Нұр Отан" (қазіргі "Аманат") партиясынан алтыншы шақырылымдағы Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты болған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау (2018 – 2019) вице-министрі болған. Оған дейін "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары қызметін атқарған.

2020 жылы Қазақстанда мерзімінен бұрын мәжіліс сайлауы өтер алдында оппозициялық партия құратынын мәлімдеген. Осыдан кейін "Нұр Отан" партиясынан шығарылып, депутат мандатынан айрылған. Кейін ол "партия құруға билік кедергі келтірді" деп бірнеше рет мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG