Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың портреті Алматы метросындағы "Алмалы" станциясының қабырғасынан алынды, деп жазды қазақстандық БАҚ. Картина ол жерде 2011 жылдың желтоқсан айынан бері – метро ашылған уақыттан бері ілініп тұрған.
Портрет суретшілер Ғазиза Ешкенова мен Айдар Жамханның витраждық панносының бет жағында туындыларды ішінара жауып тұрған. Қазір панно толық ашылған.
Алматы метросының баспасөз қызметі портреттің жақтауы мен әйнегі шағылғандықтан алынғанын айтты. Портретті қайта іле ме, жоқ па – белгісіз.
Осы айдың басында Астанада ұлттық қорғаныс университетінің алдынан Назарбаев ескерткіші алынған еді. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, ескерткіш қорғаныс министрлігінің әскери-тарихи музейіне көшірілген. Ведомство өкілдері былтыр желтоқсанда университет атауынан "Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – Елбасы атындағы" сөзі алынғанын алға тартты.
Сарапшылар Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев тұсында елде жеке басқа табыну өршігенін айтқан. Елдің түрлі аймақтарында Назарбаев ескерткіштері мен мүсіндері ашылып, университет, қала, көше атауларына соның есімі берілді. Елде оны мадақтайтын жырлар, өлеңдер, кітаптар басылды. Кемінде 238 адамның өмірін қиған Қанды Қаңтардан кейін елде бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ықпалы әлсірегені жөнінде пікір айтылды. Қаңтар кезінде Талдықорғанда оның ескерткіші қиратылды. Оның айналасындағы адамдардың кейбірі қызметтен алынып, кейбірі қамалды. Оның ықпалын әлсірететін бірқатар заңнамалық бастамалар көтерілді. Экс-президент "елбасы" мәртебесінен де айырылды. "Бірінші президент — Елбасы туралы" заң Назарбаевтың жеке басына ғана емес, оның жақын туыстарына да құқықтық иммунитет берген.