Accessibility links

Алматыда түн ішінде 5 балл зілзала болды


Алматы көшелерінде тұрған адамдар. 24 қаңтар 2024 жыл.
Алматы көшелерінде тұрған адамдар. 24 қаңтар 2024 жыл.

23 қаңтар сағат 00.09-да Алматыда 5 балл зілзала болды. Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігінің сейсмикалық байқау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығының мәліметінше, жер сілкінісінің эпицентрі Алматының оңтүстік-шығысынан 264 шақырым жерде, Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында болған. Жер дүмпуінің магнитудасы 6,7.

МSК-64 шкаласы бойынша Алматыда жер дүмпуі - 5 балл, Шымкентте 2 балл болған.

Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаев адам шығыны мен қираған ғимараттар жайлы ақпарат түспегенін мәлімдеді. Артынша қала әкімдігі де жер сілкінісінен қаза тапқан, я жараланғандар жоқ деді.

Толықтыру: 23 қаңтар таңертең денсаулық сақтау министрлігі Алматыдағы жер сілкінісінен соң 44 адам дәрігерлерге қайырылғанын хабарлады. Адамдардың көбі жер сілкінісінен қашам дегенде зардап шеккен, кейбір адам 2-3 қабаттан секіріп жарақат алған.

Сағат 00:44-те Алматыда жүр дүмпуі қайталанғаны, екінші жер сілкінісі шамамен 2-3 балл болғаны хабарланды.

Желіде тараған видеоларда халықтың сыртқа шығып кеткенін көруге болады. Бұдан бөлек алматылықтар үйлеріндегі жиһаздардың теңселген видеоларымен де бөлісті. Қала көшелерінде көлік кептелісі, жанармай құю станцияларында көлік кезегі байқалды.

Сағат түнгі 01:05 шамасында қалалық ТЖД басшысы Нұрлан Атығаев видеомәлімдеме жасап, "Алматыда таңғы 5 шамасында жойқын жер сілкінісі болады деген жалған ақпарат тарап жатыр. Сіздерді сабырлық сақтап, төтенше жағдай департаментінің ресми өкілдерінің ақпаратына сенуге шақырамын. Сейсмология институтының болжамынша, жер сілкінісі қайталанбайды" деді.

Сейсмикалық байқау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығының басшысы Дәулет Сәрсенбаев видеомәлімдемесінде Алматыда жойқын жер сілкінісі болмайды деп мәлімдеді.

Азаттықтың Қырғыз қызметі Бішкек қаласы мен Ыстықкөл облысында қатты жер сілкінгенін, халық жаппай сыртқа шығып кеткенін хабарлады. Қырғызстан төтенше жағдай министрлігі де жер сілкінісінен қаза тапқандар және жараланғандар туралы ақпарат түспегенін айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG