Accessibility links

Данияр Молдабеков: Типографиялар Қаңтар жайлы кітабымды басудан бас тартты


Журналист Данияр Молдабеков.
Журналист Данияр Молдабеков.

Журналист Данияр Молдабеков барлық типография Қаңтар жайлы кітабын басудан бас тартқанын хабарлады.

“Менің Қаңтар жайлы кітабымды басуды қолға алған баспа барлық типография кітапты басудан бас тартқанын хабарлады. Алдын ала тапсырыс бергендерге ақшаларын қайтарып береді. Кітапты міндетті түрде басып шығарамын, тек қашан, қайда және қалай екенін ойластыру керек” деп жазды журналист Данияр Молдабеков 24 қаңтарда телеграм-арнасында.

Бір күн бұрын ол баспаға "құқық қорғау органдары" шығып, кітапты "оқып көру" үшін сұрағанын айтқан. Журналист мұны қысым деп бағалаған еді. Ал органдар ақпаратқа түсініктеме бермеген.

"Реакциям онша емес, наразымын және мұны цензура деп бағалаймын" деді сәрсенбі күні журналист Азаттыққа.

Оның сөзінше, Қаңтар жайлы кітабы қазақ тілінде – 1000, орыс тілінде 1000 данасы шығуға тиіс болған. Молдабеков баспа-типографиялардың атын айтудан бас тартқан.

Азаттық әзірге "Қаңтар жайлы кітапты басудан бас тартқан қай типография екенін" анықтай алмады. Сәрсенбі күні Азаттық Алматыдағы ірі типографиялардың біріне хабарласқан кезде өзін мекеме менеджерімін деп таныстырған қызметкер "жеке өзіме Қаңтар жайлы кітап басу жөнінде тапсырыс түспеді" деп жауап берді.

"Қаңтар оқиғасы жайлы кітапты басу жөнінде тапсырыс келіп түссе, басасыздар ма?" деген сұраққа менеджер "егер кітап палатасының арнайы рұқсаты (ISBN) болса, басамыз, бірақ бұл сұраққа толығырақ басшылар жауап береді" деді.

Осыған дейін журналист Данияр Молдабеков Қаңтар жайлы кітабы жарық көретінін, оған алдын ала тапсырыс беруге болатынын айтқан.

"Мен оны осыдан тура екі жыл бұрын жаза бастадым, ол кезде терезенің ар жағында автоматтар кезек-кезек атылып, алаңда отандастарымыздың мәйіті жатқан еді..." деп жазған еді журналист жылдың басында.

Кемінде 238 адамның өмірін қиған Қаңтар оқиғасы жайлы Қазақстанда санаулы кітап жарық көрген және сарапшылар көбінде "Қаңтар оқиғасы туралы ресми ақпарат сарыны басым" деген. Белсенділер мен құқық қорғаушылар Қаңтар шындығы ашылмады және оны ашуға қазіргі билік мүдделі емес деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG