Accessibility links

Қаңтар оқиғасынан кейін сотталып, азапталған Тимур Дәнебаевқа ота қажеттігі хабарланды


Тимур Дәнебаев
Тимур Дәнебаев

Қаңтар оқиғасынан кейін сотталып, азапталған Тимур Дәнебаевқа шұғыл ота қажеттігі хабарланды. Бұл ақпаратты Дәнебаевтың бауыры берген мәліметке сүйенген адвокат Жалғас Сапарханова Азаттыққа хабарлады.

"Тимурды ұрып-соққан жерлері мазалайды екен. Азаптаудың салдары. Оған шұғыл операция қажет. Видеода оны жамбасынан ұрғаны көрінеді" деді адвокат Жалғас Сапарханова 25 қаңтарда Азаттыққа.

Бауырына медициналық көмек қажеттігін бейсенбі күні Тимур Дәнебаевтың бауыры Марат Дәнебаев та әлеуметтік желіде жазды.

Екі күн бұрын ол Facebook парақшасында Астанадағы N64 мекемеде отырған Тимур Дәнебаевқа түрме әкімшілігі қысым көрсететінін, медициналық көмек бермей отырғанын жазған.

"Тимур түрмеде жағдайдың нашар екендігіне шағымданады (су, тамақ, серуендеу жөнінде - М.Д), ал одан әр нәрсені сылтауратып шағымдарын қабылдамайды. Жедел бөлімнің жетекшісі подполковник (жазбада аты-жөні аталады) Тимур шағым жазбасын деп оны қорқытып, "Қарағандыға ауыстырамыз, тағы азаптаймыз" деп қоқан-лоқы көрсетеді" деп жазды ол.

Адвокаттың айтуынша, Тимур Дәнебаев медициналық көмек сұраса, түрме әкімшілігінің өкілдері "оны мазақтап, саған дәрігер емес, психолог керек" деген.

Жалғас Сапарханова осыған орай бас прокуратура мен қылмыстық атқару жүйесі комитетіне өтініш жазып, Тимур Дәнебаевтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, оның денсаулығына толық тексеріс жүргізуді, бұған қоса, бауырының жазбасында көрсетілген бөлім жетекшісін жауапқа тартуды сұраған.

"Он шақты күннің ішінде жауап келуге тиіс. Ауырып жатқан адамға дәрігер шақырмау да азаптау болып саналады" деді адвокат Азаттыққа.

25 қаңтарда Азаттық Тимур Дәнебаев отырған N64 мекемеге хабарласты. Өзін мекеме бастығы деп таныстырған Сүйіндік Малғаждарұлы "Тимур Дәнебаевтың денсаулығы қалыпты" деді. Ол Азаттық тілшісіне өзге сұрақтарды "түрме әріптестік орнатқан" "Достық" клиникасынан білу қажеттігін, "ол жақта әрбір сотталушының медициналық картасы болатынын" айтты. Мекеме жетекшісі "жиналыста отырғанын" айтып, өзге сұрақтарға жауап бермеді.

Республикалық қылмыстық атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі әзірге Азаттық тілшісінің сұрақтарына жауап бермеді.

Былтыр қыркүйектің басында әлеуметтік желіде Ақмола облысы Атбасар қаласындағы түзеу колониясында түрме қызметкерлері жазасын өтеп жатқан бірнеше адамды резеңке таяқпен ұрып-соққаны көрсетілген видео тарады. Азапталғандардың арасында Тимур Дәнебаев та болған. Видео қоғамда резонанс тудырып, азаптауға қатысы бар қызметкерлер қызметтен босағаны белгілі болды. Ізінше Тимур Дәнебаев Астанадағы N64 мекемеге ауыстырылған еді.

38 жастағы Тимур Дәнебаев 2022 жылы 23 желтоқсанда қамауға алынған. Былтыр маусымда сот оны "араздық тудырғаны үшін" үш жарым жылға бостандығынан айырған. Тимур Дәнебаев әлеуметтік желіде Қаңтар оқиғасы кезінде ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының әскерін Қазақстанға шақырғаны үшін билікті сынаған, Ресейдің Украинаға басып кіргенін айыптаған. Тимур Дәнебаев өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып, апелляциялық шағым түсіргенімен үкім күшінде қалған.

2022 жылы Қаңтар оқиғасынан кейін Тимур Дәнебаев "Алматыға 20 бандит шабуыл жасады" деген президент Қасым-Жомарт Тоқаевты қылмыстық жауапқа тартуға шақырған.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Тимур Дәнебаевты "саяси тұтқындар" тізіміне енгізген. Еуропарламент 17 қаңтар күнгі қарарында Қазақстан билігін саяси тұтқындарды босатуға үндеп, құжатта Тимур Дәнебаевтың да есімін атаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG