Accessibility links

Bloomberg: Путин келіссөздерге дайын екеніне емеурін білдірді


Ресей президенті Владимир Путин АҚШ-қа Украинамен бейбітшілік бойынша келіссөздерге дайын екеніне емеурін білдірді. Ол Украина қауіпсіздігіне кепілдік беруге дайын және тіпті Киев бейтараптықтан бас тартса да келіседі. Алайда Ресей басып алған Украина аумағын қайтармайды, деп жазды Кремльге жақын екі дереккөзге сүйенген Bloomberg агенттігі.

Bloomberg-тің жазуынша, Путин АҚШ өкілдеріне "жанама түрде" емеурін білдірген. Алайда агенттіктің Джо Байден әкімшілігіндегі дереккөздері Ресей президенті соғысты тоқтатуға шын ниетті екеніне көзі жетпейтінін айтқан. Агенттіктің жазуынша, Мәскеуден түсіп жатқан "сигналдар" соғыстың әрі қарайғы стратегиясы мәселелері бойынша Украина мен одақтастары арасындағы қайшылықты одан әрі тереңдетуді көздеуі мүмкін.

Кремльдің өкілі Дмитрий Песков Bloomberg агенттігіне берген комментарийінде Ресей бастысы өз мақсатына жетуді көздейді, бірақ келіссөздерден де бас тартпайды деген. Ресей СІМ өкілі Мария Захарова да соған ұқсас пікір айтқан.

Bloomberg материалы шыққаннан кейін Песков бұл "мүлде шындыққа жанаспайды" деп мәлімдеді және Ресей Украинаның НАТО-ға қосылмауы туралы талаптан бас тартпайды деді.

Киев өкілдері ақпаратқа түсініктеме берген жоқ. Украина Ресей әскері халықаралық дәрежеде мойындалған Украина жерінен толық кеткен кезде ғана бейбіт келіссөзге келісетінін айтқан. Елде Путинмен тіке келіссөз жүргізуге тыйым салынған.

Путиннің "емеуріні" жөнінде бұған дейін The New York Time та жазған, алайда ол кезде мәселе бейбітшілік емес, "соғыста үзіліс жариялау" жөнінде болған. Бірақ екі мақалада да Путин Ресей басып алған украин жерлерін қайтармайтыны айтылған.

XS
SM
MD
LG