"Әуежайды басып алу ісі" бойынша төрт жылға сотталып, түрмеде отырған қоғам белсендісі Әйгерім Тілеужанның денсаулығы нашарлады деп хабарлады адвокаты Айнара Айдарханова.
29 қаңтарда барған адвокатқа Әйгерім Тілеужан абақты суық екенін айтқан.
"Мемекенің іші өте суық. Әйгерімнің омыртқасы сыр берген. Аштық жариялағаны денсаулығына әсер еткен. Соның салдарынан бірнеше тісі түсіп қалған. Қазір тісін емдетіп жүр" деген адвокаттың сөзін "Власть" жариялады.
Адвокаттың сөзінше, дәрігер Әйгерім жылы жерде отыруы тиіс екенін айтқан, бірақ әкімшілік оны түрме режимінен босатпаған. Мекеме әкімшілігі "Республика" сайтына Әйгерімнің шағымы - "таңғы сапқа тұру" жөнінде екенін мәлімдеген.
Әйгерім Тілеужан Алматы облысы Жауғашты кентіндегі №10 (ЛА-155 колониясы) мекемеде қамауда отыр. Былтыр қарашада сот үкімімен келіспейтінін, заттарын алып, анасымен қоштасуға да мүмкіндік бермей этаппен алып кеткеніне қарсылық білдіріп аштық жариялаған.
2023 жылы 11 шілдеде Алматы қаласының қылмыстық істер бойынша ауданаралық мамандандырылған соты 2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде "әуежайда тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айыппен Әйгерім Тілеужанды төрт жарым жылға бостандығынан айырған. Онымен бірге мектеп мұғалімі, қоғам белсендісі Қалас Нұрпейісов және үш азаматтық белсенді Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамет Шилібаев, Жанайдар Кәрменовтің әрқайсысын 8 жылға соттаған. Оларға "тәртіпсіздік ұйымдастырды", "ғимаратқа шабуыл жасады", "автомобиль ұрлады" және "тонады" деген айып тағылған. Бесеуі де тағылған айыпты мойындамаған.
Алматы қалалық соты 10 қарашада үкімді күшінде қалдырған. Адвокаттар сот үкіміне кассациялық тәртіппен шағым түсіретінін хабарлаған.
ПІКІРЛЕР