Бұрынғы депутат Борис Надеждиннің наурыздағы сайлауда Ресейдің "мәңгі" президенті Владимир Путинге қарсылас атануы кенет танымалдығын арттырып, адамдар оны қолдау үшін кезекте тұр. Бірақ кандидатурасы қабылдана ма? Кремльдің өзі ары қарай не болатынын білмей дал.
Репрессияшыл Совет Одағы қолжетпес тауарды сатып алу үшін сағаттап ұзын-сонар кезекте тұрған жүзі сынық жандарымен есте қалған. Алайда осы қыста Ресейде ұзын-сонар кезек қарсылықтың символына айналды, себебі бұл жолы адамдар кезекте президент Путин дәуірінде пікірін ашық айту, бәскелі сайлау, ел болашағына ықпал ету мүмкіндігі сияқты шынымен қолжетпес құндылықтар үшін күреспек ниетте тұр.
"Өзгерістен үміт бар, өзгеріске сұраныс бар", – дейді Санкт-Петербургте кезекте тұрған ресейлік азамат. Ойын ашық айтқаны үшін қудалаудан қорқып, есімін атамауды өтінген орта жастағы ер адам мұнда 15-17 наурыз күндері өтетін сайлауда Путинге қарсылас атанғысы келетін бұрынғы депутат Борис Надеждиннің ұсыныстарын қолдау үшін қол қоюға келіпті.
"Мұнда келгеніме әрі өзім сияқты идеялас жандардың көп екенін көргеніме қатты қуанып тұрмын, – деді Азаттықтың орыс қызметінің тілшісіне тағы бір жас жігіт. Ол да есімін атамауымызды сұрады. – Әлі де үміт бар сияқты. Пікірімізді ашық айтуға сәл де болса мүмкіндік берілетіндей көрінеді, меніңше, оның өзі үлкен жетістік".
60 жастағы Надеждин "Азаматтық бастама" атты шағын партияның атынан кандидаттығын ұсынбақшы. Сарапшылар Кремель Путинді бесінші мерзімге қайта сайлау үшін ғана емес, сондай-ақ елде ұлттық бірлік бар дегенді көрсету үшін сайлауды мұқият бақылауда ұстайды дейді. Ондағы мақсаты – Батыспен әскери текетірес және екі жылға таяп қалған Украинаға толық басып кіру жоспарын жүзеге асыру.
Кремльдің саясатты, БАҚ-ты, құқық қорғау органдарын және өзге де елдегі тетіктерді бақылауда ұстауы, әлбетте күтпеген жерден жағдай өзгеріп, маңызды оқиға орын алмаса, Путинді жеңіске жеткізуі әбден мүмкін. Бірақ аса танымал емес Надеждинге халықтың қолдау көрсетуі тосынсый болды. Оның платформасы Путиннің Украинаға басып кіруі "нағыз қателік" болды деп жазған және қазіргі президентті кемел болашақ құрудың орнына Ресейді кері тартып жатыр деп айыптаған. Осының бәрі Путиннің өкілеттігін күшейткісі келетін Кремльдің агрессивті саясатына айтарлықтай соққы болды.
Ол аз уақытта 100 мыңнан аса дауыс жинап үлгерді, енді оны 31 қаңтарға дейін Орталық сайлау комитетіне (ОСК) тапсыруға тиіс. Сарапшылардың пікірінше, президент әкімшілігіне қарайтын комиссия 10 күннің ішінде оны тексеріп, кандидатурасын тіркеу керек пе, жоқ па, анықтайды.
"Бұл – Путин кампаниясының проблемасы, – дейді саяси сарапшы және Кремльдің спичрайтері бұрынғы Аббас Галямов. – Егер соғысқа қарсы үміткер тіркелсе, ол Путинге қарсы бірден-бір адам болады және басқа үміткерлерді тіркегеннен ештеңе өзгермейді".
"Халық Надеждинге емес, Путинге қарсы дауыс береді, өйткені Путин десе, соғыс ойға келеді, – деді Галямов Азаттыққа. – Кремль Надеждинді тіркейді деп ойламаймын. Себебі ол өте қауіпті".
ОСК бұған дейін жинаған даусы жалған деген желеумен әлеуетті үміткерлерді тіркеген емес. Ал дауыс жинау процесі оқиға олар қаламағандай өрбуі мүмкін деген қауіптің алдын алуға арналған шара ғана.
"БІРДЕҢЕ ДЕУГЕ ӘЛІ ЕРТЕ"
ОСК Путиннің кандидатурасын 19 қаңтар күні тез-тез мақұлдап, "тәуелсіз үміткер" ретінде тіркеп тастады. Сыншылар мұны орынсыз деп есептейді, себебі ол – саяси жүйе мен "Единая Россия" партиясын тікелей бақылайтын бірден-бір адам.
71 жастағы Путин 1999 жылдан бері біресе президент, біресе премьер-министр болып, биліктен ажырамады. 2020 жылы ол конституцияға өзіне әлі екі мерзім президенттікке түсуге мүмкіндік беретін көптеген өзгерту енгізді, енді ол 2036 жылға дейін орнында қала алады. Ол билік еткен ширек ғасырда Ресейдегі сайлауды бақылау күшейе түсті өзгеше ойлайтындар жаппай басып-жаншылды, сондай-ақ 2018 жылғы соңғы сайлаудан кейін, әсіресе, 2022 жылы Украинаны басып кіргеннен бері елде оппозиция толықтай жойылды.
Ресейлік БАҚ-тың айтуынша, Путиннің әкімшілігі жергілікті шенеуніктерге сайлау кезінде Путинге 80 пайыз қолдауды қамтамасыз етіңдер деген бұйрық берген, дауыс беруге сайлаушылардың 70 пайызы қатысуы керек деген.
Сарапшылардың ойынша бекітілген үміткерлердің бәрі Путин мен оның саясатын қолдайтын болса, мұнша дауыс жинау қиынға соқпақшы. Мәселен, 30 қаңтар күні ұлтшыл Сергей Бабурин ОСК-ге барып, Путинге жақтас боламын деп қол қойып, сайлауалды жарыстан дереу шығып қалды.
Желтоқсан айында бұған дейін соғыс туралы ойын ашық айтып, Ресейді "гуманизмге" шақырып жүрген журналист Екатерина Донцованың кандидатурасын қабылдамады. Сылтауы – әлеуетті кандитат ретінде тіркеуге берген өтінішінде техникалық қателіктер бар-мыс. Сайлаудан шеттетілгеннен кейін Донцова жақтастарын Надеждинді қолдауға үгіттеп, оның сайлауалы науқанында жұмыс істеуге уәде берді.
"Надеждин билікке наразы халықты, оппозицияны біріктіретін фигура бола ала ма, әлі белгісіз, – дейді "Левада-центр" зерттеу орталығының социологі Денис Волков. – Бірдеңе шығатын да шығар. Бірақ мен әзірге ондай ештеңе көріп тұрған жоқпын. Сол үшін Кремль қорқа бастады дегенді естігенде таңғалдым. Иә, адамдар қол қойып жатыр, бірақ қол қойғандардың бәрі келіп, оған дауыс бермейтіні анық. Біреулері берсе, енді бірі мүлде сайлауға келмеуі мүмкін".
Волковтың айтуынша, адамдардың сайлауға көбірек қатысуы Кремль үшін проблема емес, өйткені оныкі "ұлттық патриоттық мобилизация және консолидация" атты келісілген науқан.
"Путин үнемі елдің алдында және жақтастарының бәрін жұмылдыруға тырысып жатыр", – деді ол.
НАДЕЖДИН ДЕГЕН КІМ?
Советтік Өзбекстанда дүниеге келген Надеждиннің отбасы ол 3 жасқа толғанда Мәскеуге көшіп барған. Мамандығы – математик, университетті тамамдаған соң инженер болып қызмет істеген.
1999 жылы Сергей Кириенко басқарған "Союз правых вил" атты партия атынан Думаның төменгі палатасының депутаты болған. Кириенко қазір Путин әкімшілігіндегі үш жоғары лауазымды шенеуніктің бірі. Ресейдің ішкі саясатын басқаруда және Ресейдің Украинының бір бөлігін басып алуға арналған Мәскеу операцияларында маңызды рөл атқарды. АҚШ пен Еуропаның жазалау шаралары барысында Еуроодақ 2020 жылы оған қарсы санкция жариялады. Себебі ол бүгінде түрмеде отырған оппозиционер Алексей Навальныйды жүйкені сал ететін затпен улап өлтіруге тырысты деп айыпталды.
"Союз правых сил" 2003 жылы, Путиннің бірінші президенттік мерзімі кезіндегі сайлауда Думадағы өкілеттігінен айырылды. 2008 жылы Надеждин "Правое дело" партиясының саяси кеңесіне барды, бірақ 2011 жылы Путиннің бұрынғы қаржы министрі Алексей Кудринмен бірге жаңа құқықтық партия құрамын деп мәлімдеп, одан кетіп қалды.
Одан кейінгі жылдары ол Кремельге жақтасатын бірнеше саяси партиялармен серіктестікте жұмыс істеді. Оның ішінде "Единая Россия" да бар. 2016 жылы Думадағы сайлаудың алдында Надеждин "Единая Россияның" "праймеризіне" қатысып, жеңіліс тапты. Кейін "Справедливая Россия" партиясының жергілікті сайлау тізімін және мәскеумаңы округіндегі фракцияны басқарды, бірақ сол күйі партияға мүшелікке өткен жоқ.
Надеждин либерал емес ортадағы либерализмнің символы іспетті үнемі Ресейдің мемлекеттік телеарналарынан түспейді. 2022 жылдың қыркүйегіндегі НТВ телеарнасында сөйлеген сөзінде ол Украинаға қарсы соғысты айыптап, "отарлық соғыс әдістерін" қолданып, жеңіске жету мүмкін емес деген ойын айтты. Бұған дейін Украинаға басып кіру Ресейге тым қымбатқа түскен қателік болды деп, соғысты тоқтатуға, келісссөз үстеліне отыруға шақырып жүргенімен, ешқашан соғысты тікелей жазғырған да, Ресей оккупациялаған Украина шекарасын қайтарып беруге шақырған да емес. Әлбетте, мұндай позиция путиндік Ресейде қылмыстық қудалауға себеп болушы еді.
2023 жылы ол Азаматтық бастамалар партиясы атынан үміткер ретінде Мәскеу аймағының губернаторы лауазымы үшін сайлауға түсуге тырысты, бірақ үміткерлігін қолдайтын муниципалды заң шығарушылар тарапынан қажетті дауыс жинай алмай, жарыстан шығып қалды.
Оның президенттік сайлауға ұсынған бағдарламасында: "Украинамен соғысты тоқтату" және "бәрін үйге қайтару"; Ресейдің аймақтарына көбірек ақша мен саяси ықпал беру; муниципалитет пен аймақ басшыларын тікелей сайлауды қалпына келтіру; мемлекет саясатын "Батыспен текетіреске" құрмай, ішкі проблемаларға назар аудару; саяси тұтқындарға амнистия жариялау, Ресейді "ұрпаққа ұялмай қалдыра алатын" деңгейге жеткізу бар.
"Ресей хаосты бастан өткерді, біз енді ол жолға қайта түсе алмаймыз, – деп жазды ол. – Егер мен мұны тоқтату үшін, Ресейді еліміздің әрбір азаматы қалайтындай өркендеу жолына бағыттау үшін қолымнан келгенді істемесем, өзімді ешқашан кешірмеймін".
Надеждиннің жүйеде ұзақ жылдар қызмет еткеніне қарап, ол Путин әкімшілігінің "жобасы" деген де пікірлер пайда болды. Ресей саясатының сарапшысы, саясаттанушы Марк Галеотти ондай ықтималдық жоқ дейді.
"Меніңше, бұл жолы сәл өзгешелеу, – деді ол Азаттық подкастында – Меніңше, Кремль оған рұқсат беруге шешім шығарған. Ол жүйені де, олар құрған ойынды да жақсы түсінетін адам. Әрі ол бастапқы кезеңде ойыннан шығарып жіберуді қажет етпейтін маңызсыз тұлға".
"Дегенмен, маған Кремль бұл шешімді қайта қарастырып жатқандай көрінеді", – деп қосты ол.
БЕЛАРУСЬ ПРИЗМАСЫ – 2020
2020 жылы Белорусьтің ұзақ жылғы басшысы Александр Лукашенко репрессивті елдің президенті орынтағына отыру үшін алтыншы рет сайлауға түсті. Сондай-ақ үкімет Лукашенконың авторитарлы билігіне қауіп төндіру ықтималдығы жоғары барлық оппозиционерден құтылуға тырысты. Бірақ белгісіз себептермен сол кезде түрмеде отырған оның әлеуетті қарсыласының әйелі Светлана Тихановскаяға үміткер болуға рұқсат етті. Бір қызығы, осы белгісіз жас саясаткер бүкіл оппозицияны біріктіріп, билікке қарсы белорусьтердің басын қоса алған мықты қарсылас болып шықты.
Үкімет Лукашенко толық жеңіске жетті деп мәлімдегенде, Тихановскаяның кандидатурасын қолдауға келген белорусьтер жаппай бейбіт шеру ұйымдастырып, көшеге шығып алды. Осы кезде Лукашенко үкіметінің билігі уақытша шатқаяқтап кеткен болатын.
Бірақ Лукашенко халықты күшпен басып-жаншып, арагідік қатаң шаралар қолданып, билігін сақтап қалды. Ал Тихановская мен басқа да оппозиционерлер елден қашып кетті. Дегенмен ол елде де, шетелде де өзі әлсіздеу өкілеттігінен айырылып қала жаздады.
Кремль мұндай сценарийді қайталағысы келмейді.
Галеоттидің сөзінше, Путин Надеждинге экономикадағы қордаланған проблемаларға, әскери мобилизацияға, соғыстың кесірінен асқынған этникалық және басқа да әлеуметтік алауыздыққа, басқаша ойлағаны үшін айыптауларға, құқықтың шектелуі және басқа да мәселелерге "тойып біткен жандардың" басын біріктіруге мүмкіндік бермеу керек деп есептейді.
Надеждин "жай ғана режимді жек көретін адамдар үшін жасындай жарқ етті... шынын айту керек, оларға Надеждиннің кім үшін сайлауға түсетіні, кім екені маңызды емес, – дейді Галеотти. – Бұл оған кәдімгідей проблема".
28 қаңтар күні Надеждин жақтастарына үміткер ретінде тіркелуге рұқсат етпесе, "Б" жоспарына көшеміз деп айтқаны, яғни көшеге жаппай наразылыққа шығамыз дегені жағдайды одан сайын ушықтырып жіберді.
"Өз басым, мәселен, теориялық тұрғыда елдің 150 қаласындағы 200 000 адамға заңды ереуілге шығу үшін өтініш бер деп айта аламын", – деді ол кез келген қарсылық "заңды" болуы керек дегенге екпін қоя отырып.
Осы сөзінің кесірінен Кремль оның кандидатурасын қабылдамайды деп есептейді Галеотти.
"Белорусь мысалы – оларға сабақ болған оқиға, – деді ол. – Бір қарағанда Ресейде басқаша ойлайтындарды жиі қудалайтындықтан, ешкім ондай қадамға бара алмайтын сияқты көрінеді. Дегенмен тарих "ресейліктер наразылыққа шығу мүмкіндігі туа қалса, қалт жібермейтінін" көрсетті".
"Осындай жағдайлар салдарынан саяси қозғалыстар пайда болуы мүмкін", – дейді Галеотти.
Бүгінде Надеждиннің кампаниясы 200 мыңнан астам дауыс жинады. Орталық сайлау комитетіне өтініш беру мерзімі 31 қаңтар күні аяқталады. Соңғы бірнеше күнде қалалардағы оған арналған стендтің алдынан ұзын-сонар кезекті байқауға болады.
"Билік Надеждиннің адамдарын алып кетуге келсе, бірінші мені алады", – дейді Надеждиннің Санкт-Петербургтегі үйлестірушісі 2022 жылы наурызда болған соғысқа қарсы акция кезінде "алғаш рет" тұтқындалған Дарья Хейкинен.
"Мен біле тұра осындай тәуекелге барып отырмын... Принцип үшін елден қашпаймын. Болашақта не істейтініме қатысты нақты бір жоспарым бар деп айта алмаймын, – дейді ол. – Себебі біздің үкіметтен бәрін күтуге болады. Сол үшін жоспарлау бекер. Бірақ елден кетсем – әлсіз болғаным. Елімнің болашағы – маңызды. Сол үшін осыны істеп жүрмін".
ПІКІРЛЕР