Accessibility links

"Мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды" деп айыпталған жетеудің соты: прокурор 3 жылдан 15 жылға дейін жаза сұрады


Ақылжан Қисымбаев сот процесі кезінде. Қазан айы, 2023 жыл.
Ақылжан Қисымбаев сот процесі кезінде. Қазан айы, 2023 жыл.

Алматыда "мемлекеттік төңкеріс жасамақшы болды" деп айыпталған жеті адамның сотында жарыссөз басталды. Бұл жөнінде сот залынан Masa Media сайтының тілшісі хабарлады. Прокурор жеті айыпталушыға 3-15 жыл аралығында түрме жазасын сұрады.

Айыптаушы прокурор Рахат Естібек айыпталушылардың барлығын кінәлі деп танып, Айдос Илипбаевты – 3 жыл 4 айға, Ақылжан Қисымбаев, Теңлік Нұрланов, Олжас Құлжаханов, Сағынгүл Қонарды – 13 жылға, Ержан Төреқұлов пен Бағдагүл Андрееваны 15 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Айыпталушылар Бағдагүл Андреева, Қонар Сағынкүл, Ержан Төреқұлов, Айдос Илипбаев, Теңлік Нұрланов және Олжас Құлжаханов және Ақылжан Қисымбаевқа "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру" мақсатында "экстремистік топ құрып", "билікті басып алуды көздеген" деген айып тағылған. Илипбаевтан басқасының бәрі тағылған айыптарды жоққа шығарған. Қазақстандық құқық қорғаушылар былтыр айыпталушылардың ісі саясиланғанын айтып, оларды "саяси тұтқындар" қатарына қосқан. Айыпталушылардың бірі Ақылжан Қисымбаев – Қаңтар кезінде жарақаттанып, ауруханаға жатқызылған, сол жерден арнайы жасақ ұстап әкетіп, тергеу изоляторында азапталғандардың бірі. Ол былтырдан бері өзін азаптағандарды жазалауды талап етіп келеді.

Бұл процесс халық арасында "трактор-танк төңкерісі" аталып кеткен. Оған сот кезінде күдіктілер "трактормен Ақорданы басып алмақ болды" деген деректердің айтылуы себеп болған, деп жазды сайт.

Masa Media-ның жазуынша, 31 қаңтарда өткен сот процесінде кейбір айыпталушылар іске тіркелген стенограммада сөздері "құрастырылғанын" айтып, стенограмма сөздерін жарамсыз деп тануды сұраған. Бұдан бөлек, Андреева өзіне қарсы куәлік берген адамдардың куәлігін де жарамсыз деп тануды сұраған. Адвокат Төлеген Берліқожа стенограммаға сараптама жасаған сарапшыларды сотқа шақырып, жауап алуды сұраған. Судья өтініштерді қанағаттандырмаған.

Келесі сот процесі 7 ақпанда өтеді.

2022 жылы президент сайлауы қарсаңында ұлттық қауіпсіздік комитеті сайлау күні билікті басып алмақ болды деп 7 адамды ұстағанын мәлімдеген. Ұсталғандарды шетелде тұратын банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовқа "көңілі ауғандар, тыйым салынған ҚДТ мен "Көше партиясын" қолдаушылар, криминалдар" деп сипаттаған. Өзге ақпаратты қылмыстық кодекске сілтеп, құпия қалдырған. Ал Әблязов сол кезде мұны "биліктің қорқынышы" деп атаған. Ұсталғандардың туыстары бұл айыптауға сенбей, оларды босатуды талап еткен.

Қазақстан билігі экстремистік деп таныған ҚДТ мен "Көше партиясын" Еуропарламент қарарында "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG