Астанадағы Ұлттық музейге қойылған Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші алынды деген хабар тарады. 1 ақпанда Азаттық тілшілері музейге барып көрді. Ескерткіш тұрған жерге экран қойылған.
Музейдің баспасөз хатшысы ескерткіш алынғанын растады, бірақ ішке кіріп, видео түсіруге рұқсат бермеді. Оның сөзінше, ескерткіш қазір қоймада тұр. Музей өкілі кейінірек ресми мәлімдеме жіберетінін айтты.
Ақпаратқа қарағанда, "ескерткіштің алынғанына бірнеше күн болған". "Экспозицияны ауыстыру туралы жұмыстар екі апта бұрын басталды" деді музей қызметкерлерінің бірі.
Ұлттық музейге Назарбаев ескерткіші 2018 жылы шілде айында қойылған. Мүсіннің артындағы қабырғаға Назарбаевтың латынша жазылған сөзі де болған. Ақпаратқа қарағанда, музейден ол да алынып тастаған.
Өткен аптада Алматы метросының “Алмалы” станциясындағы Назарбаевтың портреті алынған еді.
Қаңтар басында Астанада ұлттық қорғаныс университетінің алдынан Назарбаев ескерткіші алынды. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, ескерткіш қорғаныс министрлігінің әскери-тарихи музейіне көшірілген. Ведомство өкілдері былтыр желтоқсанда университет атауынан "Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – Елбасы атындағы" сөзі алынғанын алға тартты.
Сарапшылар Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев тұсында елде жеке басқа табыну өршігенін айтқан. Елдің түрлі аймақтарында Назарбаев ескерткіштері мен мүсіндері ашылып, университет, қала, көше атауларына соның есімі берілді. Елде оны мадақтайтын жырлар, өлеңдер, кітаптар басылды. Кемінде 238 адамның өмірін қиған Қанды Қаңтардан кейін елде бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ықпалы әлсірегені жөнінде пікір айтылды. Қаңтар кезінде Талдықорғанда оның ескерткіші қиратылды. Оның айналасындағы адамдардың кейбірі қызметтен алынып, кейбірі қамалды. Оның ықпалын әлсірететін бірқатар заңнамалық бастамалар көтерілді. Экс-президент "елбасы" мәртебесінен де айырылды. "Бірінші президент — Елбасы туралы" заң Назарбаевтың жеке басына ғана емес, оның жақын туыстарына да құқықтық иммунитет берген.
ПІКІРЛЕР