Тайвань экономика министрлігі станок шығаратын ресейлік iMachine кәсіпорнын санкция тізіміне енгізді. Тайбэй жоғары технология тауарларын сатушыларға өнімдер үшінші елдер арқылы Ресейге жетпеуін қадағалауды тапсырды. Ведомство сайтында осылай жазылған.
Министрлік тауарларды Ресейге жеткізуге көмектесуі мүмкін үшінші елдердің тізімін жариялаған. Оған Түркия, Орталық Азия елдері, Біріккен Араб Әмірліктері кірген. Ресей мен Беларуське қарсы санкция режимін бұзғандарға салынатын алғашқы айыппұл көлемі бір миллион АҚШ долларына дейін ұлғайтылды.
Ведомство өкілдері Тайвань станоктары Ресей әскери өнеркәсібіне жеткізіліп жатқаны жөнінде ақпаратқа осылай реакция білдіргенін атап өтеді. Қаңтарда журналист-зерттеушілер Ресейге ең көп станок жеткізуші елдердің бірі ретінде Тайбэйді де атаған.
The Reporter басылымы 2023 жылы Қытайдағы жабдықтар көрмесінде болған Тайвань өнеркәсібі қауымдастығының аты-жөнін атамаған қызметкерінің сөзін келіреді. Қызметкердің сөзінше, Қытай көрмесінде станоктарды тура сол жерде ақшаға сатып алуға дайын ресейлік сатып алушылар көп болған.
Тайвань Ресей басқыншылығына орай Мәскеуге салынған Батыс санкциясына қосылған. Жартылай мойындалған мемлекет – әлемде микрочип өндіретін елдердің алдыңғы қатарында тұр. Тайбэйде билік шектеуіне байланысты ресейлік сатып алушылар микрочиптерді көлеңкелі нарықтан іздеуге мәжбүр.