7 ақпанда таңертең Ресей әскері Украинаны жаппай ракетамен соққылады. Киевке де соққы жасалды.
Қала мэрі Виталий Кличконың сөзінше, атып түсірілген ракета бөлшектері жоғары вольтты сымдарды үзіп, Киев тұрғындарының бір бөлігі жарықсыз қалған. Жылу инфрақұрылымы да бүлінген.
Кейінгі мәліметке қарағанда, Украина астанасында 9 адам зардап шеккен. Қаланың кейбір аудандарында ракета шабуылының салдарынан көпқабатты тұрғын үй өртенген.
Николаев қаласына да соққы жасалған. Жергілікті биліктің мәліметінше, бір адам қаза болған, жараланғандар да бар. Тұрғын үйлер мен инженерлік желілер бұзылған.
Украинаның өзге аймақтарынан да ракета шабуылы жөнінде хабар түсіп жатыр. Бұзылған ғимараттар туралы ақпарат әзірге жоқ. Ресей әскері соққыға түсініктеме берген жоқ.
Ракета шабуылының алдында сәрсенбіге қараған түні Ресей әскері Украинаны "Шахед" дрондарымен шабуылдаған. Украина әскерінің хабарлауынша, 15 дронның 12-сі атып түсірілген.
ПІКІРЛЕР