Жогорку Кеңеш депутаттары 7 ақпанда «шетел өкілдері туралы» заң жобасын талқылауы тиіс болған. Алайда құжат күн тәртібінен түсіп қалған. Депутат Дастан Бекешев телеграм-арнасында осылай деп жазды.
«Соған қарағанда халықаралық донорлармен келіссөз әлі бітпеген сияқты. Мұның алдында заң жобасын қабылдауды Еуроодақ грантын алу үшін тоқтатқан. Грант алынғаннан кейін құжатты қайта талқылай бастаған» дейді Бекешев.
Жогорку кеңештің баспасөз қызметі заң жобасының не себепті күн тәртібінен түсіп қалғанын түсіндірмеді.
«Шетел өкілдері туралы» заң жобасын Жогорку кеңеш 2023 жылғы қазанда бірінші оқылымда мақұлдаған. 2024 жылғы қаңтардың аяғында құжат парламент комитетінде екінші оқылымда қабылданды.
Жергілікті белсенділер, үкіметтік емес ұйымдар және халықаралық ұйымдар заң жобасын талай мәрте сынаған. Human Rights Watch (HRW) ұйымы да Бішкекті заң жобасын кері қайтаруға үндеген.
Еуроодақ мұндай заң қабылданған жаңдайда Қырғызстан халықаралық донорлардан айырылып қалуы мүмкін екенін ескерткен.