Алматыда лай басып қалған үйдің орнынан құтқарушылар бір ер адамның денесін тапты. Бұл жөнінде жергілікті төтенше жағдай департаменті хабарлады. Мамандар ол лай көшкінінен қаза болған болуы мүмкін деп болжайды.
Департаменттің хабарлауынша, қазір жеке тұрғын үйді лайдан тазарту және адамдарды іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған 182 маман мен 32 техника жұмылдырылған. Іздестіріліп жатқан адамдардың туыстары мен көршілеріне шұғыл психологиялық көмек көрсетіліп жатқаны хабарланды.
8 ақпанда түнгі сағат 2:20 шамасында Алматының Медеу ауданындағы "Тау-Самал" ықшамауданында лай жылжып, жеке тұрғын үйлердің бірін басып қалған. Үйдің ішінде төрт адам болған, екеуі – бала деп айтылады. (Болжам бойынша, ерлі-зайыпты мен балалары). Ресми ақпаратқа қарағанда, түнгі сағат үштен бері құтқару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тағы бір үйді лай жартылай басқан.
Ақпаратқа қарағанда, суық су жарылып, соның салдарынан лай көшкіні пайда болып, айналаға жылжыған. Жақын аумақтағы тұрғындар эвакуацияланған.
"Үйлердің жақын орналасуы, техниканы пайдалану мүмкіндігінің болмауы жұмыстарды қиындатып жатыр" деп хабарлаған еді бейсенбі күні таңертең төтенше жағдай департаменті.
ПІКІРЛЕР