7 ақпанда АҚШ сенаты Украина мен Израильге әскери көмекті қарастыратын заң жобасын өткізбей тастады. Құжат Мексикамен шекарадағы бақылауды күшейтуді де қарастырады.
Бірнеше ай бойы әзірленген құжат сенаторлардың қолдауына ие бола алмады: заң жобасы мақұлдануы үшін оған 100 депутаттың кемінде 60-ы қолдап дауыс беруі керек. Заң жобасын 49 сенатор қолдаған, 50 депутат қарсы болған, 44-і – республикашылдар.
Бұған дейін өкілдер палатасының спикері Майк Джонсон және сенаттағы республикашылдардың жетекшісі Митч Макконнелл де заң жобасы өтпейтінін айтқан. АҚШ президенті Джо Байден бұрынғы президент Дональд Трампты конгрестегі республикашыл депутаттарға саяси ықпал жасап отыр деп айыптады.
- Украинаға кемінде 60 млрд доллар көмек көрсету, Израиль мен Тайванды қолдау, сонымен бірге АҚШ-тың көші-қон саясатын қатайтуды қарастыратын заң жобасы – республикашылдар мен демократтар арасында бірнеше айға созылған келіссөздің нәтижесінен туындаған құжат. Алайда келісілген құжатты экс-президент Дональд Трамп сынағаннан кейін сенаттағы оның жақтастары заң жобасын осы күйде қабылдауға қарсы шыққан.
- Трамп пен өкілдер палатасындағы республикашылдар Украинаға көмектен тұтас бас тарту керек деп санамайды, тек көші-қон саясатын онан сайын нығайтып, елдің оңтүстік шекарасындағы мәселелерді басымдыққа алуды талап етіп келеді.
- Украина билігі мен қолбасшылары украин күштері АҚШ-тың миллиардтаған әскери көмегінсіз Ресей агрессиясына төтеп бере алатындығына күмән келтіреді, АҚШ президенті Джо Байден конгресті Украинаға көмекті қарастыратын жобаны тезірек қабылдауға үндеп асықтырған.