Accessibility links

HRW Қазақстан билігін журналист Думан Мұхаммедкәрімді босатуға үндеді


Думан Мұхаммедкәрім
Думан Мұхаммедкәрім

Халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы журналист, белсенді Думан Мұхаммедкәрімге "экстремизм" бойынша негізсіз айып тағылып отырғанын алға тартып, Қазақстан билігін журналистке тағылған айыптарды алып тастап, өзін босатуға үндеді. Журналист Думан Мұхаммедкәрімнің соты жақындаған тұста штаб-пәтері Нью-Йоркте орналасқан халықаралық ұйым 8 ақпанда осындай мәлімдеме таратты. Ұйым мәлімдемеде елде үкімет сыншыларын осыған ұқсас айып бойынша қудалау күшейгенін де жазады.

"Не дейді" YouTube-арнасының авторы, журналист Думан Мұхаммедкәрім “тыйым салынған ұйым ісіне араласу” және “экстремизмді қаржыландыру” баптары бойынша күдікке ілінген. Оған мұндай айыптың тағылуына қуғындағы экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты түрткі болған. Мұхаммедкәрімге 9 жылға дейін түрме жазасы қаупі төніп тұр. Журналист 2023 жылдың маусым айынан бері қамауда отыр. Оның қамау мерзімі бірнеше рет ұзартылды.

"Қазақстан билігі билікті сынап, бейбіт түрде жиналу құқығын жүзеге асырғысы келген тәуелсіз журналистің үнін тұншықтыруға тырысып жатыр. Қазақстан билігі Қылмыстық кодекстегі "экстремизм" түсінігін тарылтып, бұл айыптарды үкімет сыншыларына қарсы пайдалануын доғаруға тиіс" деді Human Rights Watch ұйымының Орталық Азия жөніндегі жетекші зерттеушісі Мира Ритман.

Ұйым Думан Мұхаммедкәрімнің YouTube-тағы "Не дейді?" арнасының 145 мың жазылушысы бар екенін еске салып, кейінгі екі жылда журналист елдегі ірі наразылықтар (арасында Қанды Қаңтар да бар) мен биліктің оған реакциясы және салдары туралы ақпарат таратқанын айтады. Мұхаммедкәрім 2023 жылы көктемде тәуелсіз кандидат ретінде парламент сайлауына да қатысқысы келген, алайда кандидат ретінде тіркеле алмаған.

Айыптау актісінің көшірмесіне сүйенген ұйымның жазуынша, мемлекет тағайындаған психологиялық және филологиялық сараптама Мұхаммедкәрімнің кейбір сөздері "экстремистік идея мен көзқарасты" насихаттайды деген тұжырымға келген.

Бұған қоса, мемлекеттік сарапшы журналистің сөзінен "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (Астана соты шетелде тұратын экс-банкир Мұхтар Әблязовтың "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Еуропарламент ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атайды) қозғалысының ісіне "араласатындығын көрсететін белгілерді байқаған".

Дегенмен сараптама Мұхаммедкәрім мен Әблязов сұхбатта "елде саяси өзгерістер қалай бейбіт түрде болуы қажеттігін" талқылағанын айтып, "сараптамаға ұсынылған материалда наразылық ұйымдастырып, билікті күшпен тартып алуға шақыратын үндеу жоқ" деген қорытынды жасаған.

Ұйымның жазуынша, Мұхаммедкәрімді билік сонымен бірге YouTube-тағы сұхбаттың астына Әблязовқа қаржылай көмек көрсетуге шақыратын банк реквизиттері жазылған жазба қалдырғаны үшін "экстремизмді қаржыландырды" деп те айыптап отыр.

Айыптау актісінде сонымен бірге 2023 жылы 1 мамыр оппозиция митингісі қарсаңында - Мұхаммедкәрімнің 29 және 30 сәуірде өзін-өзі түсірген екі видеосы да айтылады. Мемлекеттік сарапшы видеодағы Мұхаммедкәрімнің сөздерінде "экстремистік идея мен көзқарасты насихаттау белгілері бар" деп тұжырым жасаған.

Ал адвокаты Ғалым Нұрпейісов құқық қорғау ұйымына аталған видеоларда Мұхаммедкәрім "Қазақстандағы саяси оқиғалар жөнінде айтқан, бары сол" деген.

Думан Мұхаммедкәрім Қазақстанда "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деген айыппен де бірнеше рет әкімшілік жазаға тартылған. 2023 жылдың 21 наурызы мен 22 маусымы аралығында ол "көшеге шығуға ниет білдіргені үшін" 75 күн әкімшілік қамауда отырған, деп жазды ұйым.

HRW Думан Мұхаммедкәрім кейінгі айларда экстремизммен байланысты айыптаулар бойынша сотқа тартылған екінші сыншы екенін еске салып, былтыр күзде 7 жыл түрмеге кесілген танымал марафоншы, оппозиция белсендісі Марат Жыланбаевты да атап өтеді.

Ұйымның жазуынша, 2018 және 2022 жылдар аралығында билік "экстремизммен" байланысты "бұлыңғыр, ауқымы кеңейтілген" айыптармен ондаған үкімет сыншысын қудалаған. Human Rights Watch ұйымы пікір айту және жиналу еркіндігі, әділ сот құқығын бұзған жағдайлар құжатқа түсірілгенін де атап өтеді.

2019 жылы Қазақстанға келген БҰҰ-ның терроризммен күрес кезінде адамдардың құқығын қорғау ісі бойынша арнайы сарапшысы Фионнуала Ни Аолэйн Қазақстанда экстремизм ұғымының ұлттық заңнама мен тәжірибеде қолданылуына едәуір алаңдаушылық білдірген. HRW мәлімдемеде осыны еске салады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 3 қаңтар күнгі сұхбатында "біздің заңнамада азаматтардың саяси көзқарастары үшін қудалануына жол ашатын бірде-бір бұйрық, заң немесе нормативтік құжат жоқ" деген сөзін еске салған ұйым:

"Жыланбаевтың саяси өзгерістерге шақыруы немесе Мұхаммедкәрімнің Әблязовтан сұхбат алуы сияқты сияқты зорлық-зомбылықсыз әрекеттер немесе тұжырымдар үшін үкімет сыншыларын қылмыстық қудалау халықаралық деңгейде қорғалған адам құқықтарын бұзады" дейді.

"Думан Мұхаммедкәрім мен Марат Жыланбаев онсыз да себепсіз көп күнін қамауда өткізді. Екеуі де босатылуы тиіс" деп түйіндейді ұйым.

Жергілікті құқық қорғаушылар Марат Жыланбаев пен Думан Мұхаммедкәрімді "саяси тұтқындар" қатарына қосқан.

Думан Мұхаммедкәрімнің ісі бойынша алғашқы сот тыңдауы 12 ақпанға белгіленген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG