Алматыда лай басып қалған үйдің орнынан қаза болған барлық төрт адамның денесі шығарылды. Бұл жөнінде төтенше жағдай министрлігі хабарлады.
"Оқиға орнында құтқарушылар 1984 жылы туған ер адамның, 1980 жылы туған әйелдің және 2007 жылы туған екі жас жігіттің денелерін тауып алып шықты" деп жазылған хабарламада.
Бұған дейін департамент 2007 жылғы ер баланың денесі шығарылғанын хабарлаған еді. Кейіннен үшеуінің денесі табылғаны белгілі болды.
Қазір үйіндіні аршу және лайдан тазарту жұмыстары жүріп жатыр. Оған өткір заттар, әйнек, арматура және өзге де заттар араласқан балшықтың көптігі, үйге кіру жолының тар болуы, техниканы пайдалану мүмкіндігінің жоқтығы кедергі келтіріп отыр, деп жазды департамент өкілдері.
8 ақпанда түнгі сағат 2:20 шамасында Алматының Медеу ауданындағы "Тау-Самал" ықшамауданында лай жылжып, жеке тұрғын үйлердің бірін басып қалған. Үйдің ішінде төрт адам болған, екеуі – кәмелетке толмаған бала екені хабарланған. Ресми ақпаратқа қарағанда, құтқару жұмыстары түнгі сағат үштен басталған. Тағы бір үйді лай жартылай басқан.
Ақпаратқа қарағанда, суық су жарылып, соның салдарынан лай көшкіні пайда болып, айналаға жылжыған. Жақын аумақтағы тұрғындар эвакуацияланған.
ПІКІРЛЕР