Ресейдің орталық сайлау комиссиясы (ОСК) президенттіктен үміткерлер Борис Надеждин мен Сергей Малинковичті тіркеуден бас тартты. Надеждин комиссия шешімін сотқа беретінін айтты, ал Малинкович сотқа арызданбайды.
8 ақпанда ОСК отырысында Надеждинді қолдаған сайлаушылардың 9147 қолы жарамсыз танылды. ОСК 95 587 қолды жарамды деп мойындады. Ал заң бойынша кандидатты тіркеу үшін кемінде 100 мың адамның қолы керек.
ОСК тізімде қайтыс болған адамдардың аты-жөні барын, адамдардың аты-жөні ІІМ базасындағы ақпаратпен сәйкес еместігін және өзге де сын-ескертпелер айтты.
Надеждин шешіммен келіспейтінін мәлімдеді.
"Орталық сайлау комиссиясының шешімімен келіспеймін. Ресейдің түкпір-түкпірінен 200 мыңнан астам қол жинадым. Біз қол жинауды ашық әрі әділ өткіздік - штабтарымыз бен пунктеріміздегі кезекті бүкіл әлем көрді" деді Надеждин. Ол шешімге қатысты Жоғарғы сотқа шағым түсіретінін айтты. Кейінірек конституциялық сотқа жүгінетінін де жеткізді.
Надеждин – Украинадағы соғысты аяқтауды ашық айтқан, қазіргі президент Владимир Путиннің саясатына қарсы шыққан жалғыз кандидат.
Бейсенбі күні ОСК "Ресей коммунистері" ұйымынан сайлауға қатысқысы келген Сергей Малинковичті де тіркеуден бас тартты. Оның 8 979 қолы жарамсыз танылды.
Бұған дейін ОСК президент сайлауына қатысуға ниет білдірген төрт кандидатты тіркеген, арасында қазіргі президент Владимир Путин де бар. Ол бесінші рет президент болуға ұмтылып жатыр. Путин сайлауға өзін-өзі ұсынушы ретінде қатысады. Тіркелу үшін оған кемінде 300 мың қол керек болған. ОСК 0,15%-ын жарамсыз таныған.
- Ресейде президент сайлауы биыл 15-17 наурызда өтеді. Тәуелсіз бақылаушылар мен сарапшылар Ресейде сайлаулардың әділ өтпейтінін айтқан. Билік сайлау процесіне араласып, билікшіл кандидаттарға артықшылықтар береді. Кей жағдайда мәселе тікелей бұрмалаушылық жөнінде болады.
ПІКІРЛЕР