Accessibility links

Зеленский Украина әскерінің бірнеше қолбасшысын ауыстырды


Александр Павлюк
Александр Павлюк

Украина қарулы күштерінің бас қолбасшысы Валерий Залужный мен бас штаб бастығы Сергей Шаптала қызметінен кеткен соң бірнеше күннен кейін әскердегі өзге де басшылар ауыстырылды. Оларды қызметінен босату және тағайындау туралы жарлыққа Украина президенті Владимир Зеленский қол қойды.

Қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары Александр Павлюк Залужныйдың орнына бас қолбасшы қызметіне тағайындалған Александр Сырскийдің орнына құрғақтағы әскердің қолбасшысы болды.

Біріккен күштердің қолбасшысы Сергей Наевтың орнына Юрий Содоля тағайындалды. Наев өзінің қызметінен босатылғанын баспасөзден естігенін мәлімдеді.

Максим Миргородскийдің орнына шабуылдаушы-десант әскерін Игорь Скибюк басқарады, аумақтық қорғаныс басшылығына бұрын бас штабты басқарған Игорь Плахута тағайындалды.

"Украинская правда" басылымы Плахута 2013-2014 жылдардағы Еуромайданды таратқан ішкі істер министрлігінің оңтүстік аумақтық басқармасын басқарған деп жазды. Плахута митингіге шыққандармен келіссөзге қатысқан.

8 ақпанда Зеленский Украина қарулы күштерінің бас қолбасшысы, генерал Валерий Залужныйды босатып, орнына генерал-полковник Александр Сырскийді тағайындаған. 9 ақпанда Залужный "Украина батыры" атағымен марапатталған. Әзірге оның қайда тағайындалғаны белгісіз.

Украина қорғанысы мен ұлттық қауіпсіздік кеңесінің жалған ақпаратпен күрес орталығы "Ресей Сырскийдің беделін түсіруге тырысатын бағдарламасын бастап кетті" деп мәлімдеген. Кремль бақылауындағы БАҚ-тар оны "совет генералы және Ресей адамы" деп көрсете бастаған. Өйткені Сырский Ресейде дүниеге келген, әлі де сонда тұратын туыстары бар. Орталық мәлімдемесінде "бұл науқанның басты мақсаты - бас қолбасшыға кір келтіру және Украина қарулы күштеріне сенімсіздік туғызу" деп жазылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG