Accessibility links

"ҚазМұнайГаз": West Oil Жетібайда ереуілдетіп тұрған жұмысшылармен келісім-шартты үзуге дайын


West Oil Software жұмысшылары ереуілде тұр. Маңғыстау облысы, Жетібай кенті 15 желтоқсан 2023 жыл.
West Oil Software жұмысшылары ереуілде тұр. Маңғыстау облысы, Жетібай кенті 15 желтоқсан 2023 жыл.

Маңғыстау облысы Жетібайда West Oil Software желтоқсаннан бері ереуілдетп тұрған жұмысшыларымен "келісім-шартты үзуге дайын". Бұл туралы қазақстандық ақпарат агенттіктері "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясына сілтеме жасап хабарлады.

Жетібай кентінде West Oil Software компаниясының жұмысшылары 11 желтоқсаннан бері ереуілдетіп тұр.

Олар компанияны "ҚазМұнайГаз" құрылымына қосуды, ЕСОТ жүйесіне сәйкес жалақыны теңестіруді, техниканы жаңартуды талап етеді. Бұған дейін "ҚазМұнайГаз" техниканы жаңарту туралы талаптан басқаларын орындай алмайтынын мәлімдеген. Ал West oil жұмысшылары шарасы таусылғандықтан Астанаға өкілдерін жібергенін, алайда мәжіліс депутаттарымен жолыға алмағанын айтқан.

"ҚазМұнайГаз" 80 ереуілші жұмыс орнына оралғанын, қалғаны әкімдік пен "ҚазМұнайГаздың" келіссөзге шақыруына назар аудармай отырғанын алға тартады.

Ұлттық компания West Oil Software ереуілдің салдарынан 1 млрд теңге шығынға ұшырағанын айтады. "ҚазМұнайГаз" жұмыс беруші еңбекақы және әлеуметтік төлем бойынша барлық міндетін орындап отырғанын, 2023 жылы West Oil Software жұмысшыларының ең төменгі жалақысы 380 мың теңге, жоғары жалақысы 890 мың теңге болғанын алға тартады.

Бұған дейін жұмысшылар өздеріне қысым жасалып жатқанына шағымданған, Ал Қарақия аудандық соты ереуілді "заңсыз" деп тапқан. Жұмысшылар сот шешімін келіспе апелляциялық шағым түсірген, бірақ Маңғыстау облысының соты да ереуілді "заңсыз" деп шешкен.

West Oil Software компаниясы 12 қаңтарда кәсіпорын "шығынға батқанын" алға тартып, "жұмысқа оралмаған ереуілшілерді 12 қаңтардан бастап" жұмыстан шығаратынын ескерткен еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG