Accessibility links

Алматыда әйелдер шеруіне рұқсат беруді талап еткен пикет өтті


Әйелдер шеруін қолдаған белсенділердің плакаты.
Әйелдер шеруін қолдаған белсенділердің плакаты.

Алматыда 8 наурызда әйелдер шеруін өткізуге рұқсат беруді талап еткен пикеттер жалғасып жатыр.

16 ақпанда Алматы тұрғыны Диана Тимофеева қолына #маршболсын деген жазуы бар плакат ұстап, Globus сауда орталығы алдында жалғыз адамдық пикет өткізді.

"[Отбасындағы зорлық-зомбылық] Бұл мәселе тек әйелдер емес, феминистер ғана емес – жалпыға ортақ мәселе. Әйелдерге солай істеуге рұқсат етіліп отыр. Міне, мына қыз мерт болды (плакаттан көрсетеді), мына қыз өлген.." деді ол пикет кезінде.


15 ақпанда Алматы әкімі Ерболат Досаев Әуезов ауданы тұрғындарымен кездесуде әкімдік 8 наурызда әйелдер маршын өткізуге рұқсат бермеген шешімін өзгертпейді деп мәлімдеген. Ал 8 наурызда әйелдер құқығын қолдау бойынша өтетін бейбіт жиынды ұйымдастырғысы келетіндер "Досаев өзі басқаратын ведомствоның жұмысымен таныс емес екенін" көрсетті деп санайды.

Алматы әкімдігі белсенділерге 2021 жылы әйелдер шеруін ұйымдастыруға рұқсат берген. Былтырдан бері әкімдік "қоғамға қауіп төндіруі мүмкін" деп шеруге рұқсат етпей келеді. Алматы билігі нақты қандай қауіп екенін ашып айтпады.

Әйелдер шеруіне рұқсат беруді талап еткен пикеттер легі ақпан басында басталған. Кейбіріне кедергі де жасалды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG