Ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйдың жақтастары саясаткердің қазасын растады. Бұл жөнінде Кира Ярмыш және Иван Жданов жазды.
"Алексей Навальный өлтірілді. Алексейдің анасына берілген ресми хабарламада оның 16 ақпан сағат 14:17-де қайтыс болғаны жазылған. Түрме қызметкері Навальныйдың денесі Салехард қаласында екенін айтты" деп жазды Кира Ярмыш X желісінде.
Бұған дейін оппозиционердің анасы Людмила Навальная Салехард қаласына келіп, ұлы қамауда болған Харп ауылындағы № 3 түрмеге барғаны белгілі болған.
Оның Харпқа келгенін бірінші болып Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі Елена Рыковцева хабарлаған.
Associated Press агенттігінің видеосында маска және күннен қорғайтын көзілдірік таққан әйел (Навальныйдың анасы болса керек) мен екі адамның түрмеден шыққаны көрінеді.
Ресейдің жазаны орындау федералдық қызметі 16 ақпанда Кремльдің сыншысы, ресейлік белгілі оппозиционер Алексей Навальный Ямало-Ненецк автономды округіндегі түрмеде көз жұмғанын хабарлаған. Людмила Навальнаяның сөзінше, ол ұлымен бірнеше күн бұрын кездескен. Анасының сөзінше, ұлының көңіл-күйі жақсы болған және денсаулығына шағымданбаған.
Саясаткердің жақтастары ресми хабарлама алғанға дейін оның қазасын растамаған.