Accessibility links

“Ресей азаматтығынан оңай бас тартқым келеді”. Релоканттар туралы қойылым


Халыққа қызмет көрсету орталығында қазақстандық жеке сәйкестендіру нөмірін алу үшін кезекке тұрған Ресей азаматтары. 27 қыркүйек 2022 жыл.
Халыққа қызмет көрсету орталығында қазақстандық жеке сәйкестендіру нөмірін алу үшін кезекке тұрған Ресей азаматтары. 27 қыркүйек 2022 жыл.

2022 жылы Мәскеу Украинаға басып кіргеннен кейін Қазақстанға қоныс аударған ресейлік мигранттардың театр труппасы өздері сияқты елден кетуге мәжбүр болған азаматтардың хикаясын баяндайды. Өткен жексенбіде Алматыда осындай хикаяларға негізделген қойылым көрсетілді.

Украинадағы соғыс пен Ресейдегі ішінара мобилизация салдарынан ресейліктердің көбі елін тастап, көрші мемлекеттерге көше бастады.

Осыдан “релокант” деген жаңа термин пайда болды. 2022 жылдың ақпанынан кейін Қазақстан, Қырғызстан, Грузия сияқты постсоветтік елдерге көшкен жүздеген мың ресейлікті осылай атайды. Ресейліктердің көбі соғысқа барудан, репрессивті саяси атмосферадан қашты. Олар Ресейдегі ахуалды ескеріп, басқа елдерден экономикалық мүмкіндік іздеді.

Ресейліктердің жаппай ағылуы көп мемлекетте пікірталас туғызды. Мигранттардың көбі тұрақтап қалмай, басқа жаққа кетсе де, бұл бәрібір елдегі ахуалға әсер етті.

Ресейлік мигранттар тәжірибесі 11 ақпанда Алматыда қойылған “Здесь.Алматы” пьесасына арқау болды. 2act труппасының қойылымы ресейлік мигранттар, украин босқын және жергілікті қазақпен сұхбат негізінде жазылған монологтар сериясынан тұрады.

Алматыдағы "Здесь – Алматы" қойылымы 11 ақпан 2024 жыл.
Алматыдағы "Здесь – Алматы" қойылымы 11 ақпан 2024 жыл.

Алғашқы монолог Татьянаның тәжірибесіне арналған. Ол 2022 жылы қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путин ішінара мобилизация жариялаған кезде күйеуімен бірге көлікпен Қазақстанға қашқан. Мобилизация туралы хабардан кейін шекарада қарбалас басталып, ұзын-сонар кезек түзілген.

— Басында Павлодарға бардық. Адамдар келе бастады. Жергілікті халық үшін сырттан келгендердің саны тым көп болды. Орыстар банкомат пен ақша айырбастау орындарының арасында жүгіріп жүрді. Бізді еріктілер күтіп алды. Ас-су берді, — дейді Татьяна.

Татьянаның күйеуі — 40 жаста. Ол әскерге шақырту келеді деп күтпеген. Бірақ Кемерово қаласына жақын маңдағы ауылда әскери комиссариат өкілдері үй-үйді аралап, әскерге адам жинай бастағанда, ерлі-зайыпты бір сағат ішінде жиналып, жүріп кеткен.

Ата-анасы оларды “сатқындар” деп атаған. Бірақ Татьяна да, күйеуі де Украинадағы соғысты қолдамайды.

— Олар біз үшін шешім қабылдады. Біздің атымыздан қылмыс жасаймыз деп шешті, — дейді Татьяна.

Халыққа қызмет көрсету орталығында кезекте тұрған ресейліктер. Батыс Қазақстан облысы, 28 қыркүйек 2022 жыл.
Халыққа қызмет көрсету орталығында кезекте тұрған ресейліктер. Батыс Қазақстан облысы, 28 қыркүйек 2022 жыл.

Соғысқа барудан сытылып кете алмағандар басқа сұмдыққа куә болған. Қойылымдағы бір монолог соғысқа үгіттейтін адамдардың айтқанына еріп, мобилизацияға ілінген 300 мың адамның қатарынан бір-ақ шыққан, кейін амалын тауып, Ресейден әзер қашып құтылған адамның тәжірибесінен жазылған.

Мобилизация кезінде жиналған жауынгерлерді соғысқа дайындау үшін әскери базаға апарған. Кейіпкер онда бейберекетсіздік пен ішкілікке салынған адамдарды көрген.

— Көбіне 45-50 минут бос тұратынбыз, — дейді орта жастағы кісінің рөлін сомдап жатқан актер. — Арасында офицер келіп, кім қай взводқа жазылғанын, мамандығымызды сұрайды. Екі апта полигоннан кейін кетіп қалуға болатынын, ешқандай тізімде аты-жөнім жоғын түсіндім.

Қазақстанға көшкен орыстар орыс тілінде еркін сөйлейтін, тұрғындары қонақжай аймақтарды таңдауға тырысқан.

"Здесь – Алматы" қойылымында монолог оқып тұрған актер. 11 ақпан 2024 жыл.
"Здесь – Алматы" қойылымында монолог оқып тұрған актер. 11 ақпан 2024 жыл.

Бірақ релоканттар әсерінен Қазақстан, Қырғызстан мен Грузияның ірі қалаларындағы өмір сүру бағасы күрт өсіп кетті. Бұл жергілікті халықтың ашу-ызасын туғызды.

— Бұрын 1 бөлмелі пәтерді 80-120 мың теңгеге (300 долларға жетпейді) жалдайтынмын. Босқындар келгеннен кейін пәтер бағасы 200-250 мыңға дейін көтеріліп кетті, — дейді Артур есімді қазақ. Қойылымда оның рөлін жалғыз қазақ актер сомдайды.

Артур Ресейде этникалық қазақтар отбасында туған. Кейін тарихи отаны Қазақстанға көшкен. Ағасын ресейлік әсіреұлтшылдар өлтірген. Қазіргі көзқарасына Ресейдегі тәжірибесі де әсер еткен.

Ол Ресей қалаларында ешкім өзін құшақ жая қарсы алмағанын айтып, қатаң көші-қон саясатын ұстануды талап етіп отыр. Артур Қазақстанға көшіп келген орыстар тым болмаса қазақ тілін үйренуге талпынуы керек деп есептейді.

Қойылым барысында монолог форматы бір рет ғана өзгереді: актерлар анонимді этникалық татар мен украин әйел Мариямен сұхбаттасады.

Бұл жұп соғыс туралы Black Desert Online ойыны арқылы танысқан. Мария қазіргі жігіті ойында үнемі өзін “өлтіріп”, жеңіп кететінін айтады.

Кейін соғыс шындыққа айналып, Марияның туған қаласы бомбалауға ұшыраған.

— Басында түсінбедім. Кейін жарылыс басталды. Қорықтым. Не жертөледе, не жуынатын бөлмеде отыратынмын, — дейді актриса.

Татар жігіт Қазақстанға көшіп, Марияны осында күткен. Екеуі кездескен соң, Алматының іргесіндегі курортты қалаға орныққан.

Марияға жұмыс істеуге тыйым салынған. Жігіті ресейлік клиенттерге фрилансер есепші болып, тұрақсыз жұмыспен күнелткен.

— Еңбекақымызды рубльмен төлейді. Конвертациядан кейін тапқан ақшам азайып қалады, — дейді актер.

Көп ұзамай жаңа сынақ туып, мигранттардың үйлері өртеніп, мүлкінің көп бөлігінен айырылып қалған. Осыдан кейін релокант жұптың қаржылық мәселесі тіпті көбейген.

Пәтер иесі шығынды өтеуді талап етіп, кепілдеме үшін татар жігіттің төлқұжатын алған.

Ол төлқұжатын бергеніне қуанғанын айтады. «Ресей азаматтығынан дәл осылай оңай бас тартқым келеді», — дейді актер.

БОЛАШАҚҚА ҮМІТ

"2act" сұхбаттары барлық кезде өзекті. Режиссер Виталий Шенгиреев сұхбатқа қатысқан азаматтардың кейбірі Ресейге оралғанын айтады.

2023 жылдың басында Қазақстан көші-қон ережесін қатаңдатқан. Енді ресейліктер тұрғылықты мекенжайсыз ұзақмерзімге елде қала алмайды. Тұрғылықты мекенжай анықтамасын алу да қиын.

Қойылымға дайындық кезінде театр ұжымы бірнеше ресейліктен сұхбат алған. Олар туған жерін сағынып жүргенін айтқан.

Сауалнамаға қатысқандардың бәрі Украинадағы соғыс аяқталар деп үміттенеді. Бірақ Украинаның жеңісі идеясын толық қолдамайтындар да бар.

"Украинаның қарулы күштері жеңсе, [Ресей] жеңілген мемлекет болады. Бұл жақсы емес", — дейді актер.

Ресейлік мигранттар қоныс аударған елдердегі жергілікті тұрғындарды осы екіұшты пікір ызаландырады.

Бірақ Орталық Азияда Кремльдің қысымына ұшыраған және қоғамдағы ресейшіл топтардың әсеріне ұшыраған авторитарлық үкіметтер жаңадан келген ресейлік мигранттардың соғысқа қарсы белсенділігіне төтеп беруге құлықсыз.

Бұл — 2act компаниясының соңғы қойылымы. Шағын театр Алматыдағы ескі сауда орталығының артында орналасқан. Театрды Шенгиреев пен әйелі басқарады. Екеуі де — Ресейдің Магнитогорск қаласының тумасы.

Театр ұжымының кейде күлкілі, кейде салмақты қойылымдары көрермен ықыласына бөленіп келеді.

Көрермендердің біріне «Здесь.Алматы» қойылымы ауыр тиген. Ресейлік мигрант жақында туған жеріне қайтуға бел буған.

Ол антракт кезінде режиссерге барып, «Мені өз еліммен кездесуге дайындағаныңыз үшін рақмет» деген.

XS
SM
MD
LG