Accessibility links

Жыл басынан бері 1306 қазақ қандас мәртебесін алған


Биыл жыл басынан бері шеттен Қазақстанға 1306 қазақ қоныс аударып, қандас мәртебесін алған. Қазақстанға қоныс аударғандардың көбі – Қытайдан (48,9%). Қалғаны Өзбекстан (29,6%) Моңғолия (8,3%), Ресей (4,4%) Түркіменстан (7,3%) және басқа елдерден (1,5%) келген. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Қоныс аударған қазақтар елдің түрлі өңірлеріне қоныстанған.

Министрлік биыл екі мыңнан аса қандас еңбек күші тапшы деп анықталған Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстарына қоныстанатынын мәлімдеді.

Бұл облыстарға қоныстанған қандастардың әрқайсына бір реттік 258 мың теңге және үй жалдауға және коммуналдық қызметтер ақысына бір жыл бойы 55 мың теңгеден 110 мың теңге берілмек.

Сондай-ақ билік солтүстік өңірлерге қоныс аударған қандастарға үй құнының елу пайызын төлеп беруге де уәде береді.

Қазақстан 2023 жылдан бастап Қазақстан елшіліктерінде "бір терезе" қағидасымен қандас мәртебесін бере бастаған. Бұл жоба бойынша шетелдегі қазақтар елге келмей-ақ қандас мәртебесін ала алады. Министрлік қазірге дейін бұл формат бойынша 6203 өтініш қабылданғанын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG