Accessibility links

Қырғызстан парламенті "шетел өкілдері" туралы заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады


22 ақпанда Қырғызстан парламенті "шетел өкілдері туралы" заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасын 64 депутат қолдап, парламенттің бес мүшесі қарсы болды.

Құжатқа қарсы депутат Дастан Бекешов заң елдің экономика саласына теріс әсер етіп қана қоймай, үкіметтік емес, коммерциялық емес ұйымдарға ғана емес, шетелден грант алып отырған білім, ауыл шаруашылығы салаларына кері әсер ететінін жеткізді.

Ал заң жобасының авторы депутат Надира Нарматова аталған құжат Қырғызстан қауіпсіздігі үшін қажет екенін және оны он жыл бұрын қабылдау керек болғанын атап өтті.

Бұған дейін конституциялық заңнама және мемлекеттік құрылыс жөніндегі комитеттің мүшелері құжатқа өзгеріс енгізген. 20 ақпанда олар заң жобасынан "шетел өкілдерін қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы" норманы алып тастаған.

Депутаттар 2023 жылы қазанда заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған. Биыл Жогорку кеңеш құжатты 7 ақпанда екі оқылымда қарауға тиіс болған, алайда мәселе күн тәртібінен алынды. Ал 14 ақпанда құжат салалық комитетке толықтыруға жіберілді.

"Шетел өкілдері" туралы заң жобасын 30 депутаттан құралған топ әзірлеген. Заң жобасы жарияланғаннан кейін құжат сынға ұшырап, депутаттардың біраз бөлігі қолдарынан бас тартқан. Заң жобасын белсенді қолдаған депутат Надира Нарматова үкіметтік емес және коммерциялық емес ұйымдар жыл сайын грант алып, оны неге жұмсап жатқаны жөнінде есеп бермейтінін алға тартқан.

Жергілікті белсенділер, үкіметтік емес ұйымдар және халықаралық ұйымдар заң жобасын талай сынаған. Human Rights Watch (HRW) ұйымы да Бішкекті заң жобасын кері қайтаруға үндеген.

Еуроодақ мұндай заң қабылданған жаңдайда Қырғызстан халықаралық донорлардан айырылып қалуы мүмкін екенін ескерткен.

XS
SM
MD
LG