Accessibility links

Адвокат: Думан Мұхаммедкәрім соттың ашық өтуін талап етіп, аштық жариялады


Журналист Думан Мұхаммедкәрімнің соты өтіп жатқан Қонаев сотының ғимараты. 22 ақпан 2024
Журналист Думан Мұхаммедкәрімнің соты өтіп жатқан Қонаев сотының ғимараты. 22 ақпан 2024

Журналист Думан Мұхаммедкәрім соттың ашық өтуін талап етіп, аштық жариялады. Журналист сотқа адвокаттар қатысса да, қатыспаса да үкім белгілі екенін айтып, қорғаушыларынан да бас тартты. 22 ақпанда түске дейін өткен сот отырысынан соң адвокаты Ғалым Нұрпейісов журналистер мен белсендінің жақтастарына осылай деп мәлімдеді.

– Думан сот ашық өткен жағдайда ғана аштығын тоқтататынын айтты. Судьяның өзі сот кезінде "сотталған Думан" деген тіркесті екі рет айтып қалған. Думан сотқа бойкот жариялады. Думанның сотқа сенімсіздік жариялау туралы өтініші қанағаттандырылмады, – деді адвокат Ғалым Нұрпейісов.

Алдыңғы сот отырысында судья прокурордың сотты жабық өткізу туралы өтінішін қанағаттандырып, сотты жабық еткен. Бұған журналист пен оны қорғау тарабы және жақтастары қарсы болған.

12 ақпан күнгі сот отырысы кезінде Думан Мұхаммедкәрім "тағылған айыпты жала" деп атап, "конституциялық құқығы бұзылғанын, тергеу амалдарының бірде-біріне қатыспағанын" айтқан. Ол бұл сотты "цирк" деп атаған.

22 ақпанда журналисті Қонаев сотына алып келген сәтте ондаған адам "Думанға бостандық!" деп ұрандатып, оны көру үшін сот ғимаратына қарай жақындады.

Қонаев қаласының прокуроры Айдос Шорманов оларға "жиынның заңсыз екенін" ескертіп, акцияны тоқтатуды және тарауды сұрады. Қоғам белсендісі Рысбек Сәрсенбай журналист Думан Мұхаммедкәрімді қолдауға келген адамдар заң бұзбағанын айтты.

Бейсенбі күні соттан кейін журналист Думан Мұхаммедкәрімді Қонаев қаласынан Талдықорғандағы қамау изоляторына қайта алып кетті. Сот ғимараты аумағынан автозакпен бірге арнайы жасақ шықты. Полиция қолтықтасып сап құрып, журналистің жақтастарын көлікке жақындатпады. Мұхаммедкәрімді қолдауға келгендер "Масқара!" деп айқайлады. Бұған дейін журналист өзін Талдықорғанға алып кеткеніне наразы болған.

"Ne Deidi" Youtube-каналының авторы, журналист Думан Мұхаммедкәрім "экстремизмді қаржыландырды" және "тыйым салынған ұйымның жұмысына араласты" деген күдікпен былтыр маусымда қамауға алынған. Іске журналистің шетелде тұратын "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының жетекшісі, оппозиционер Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты себеп болған.

Қазақстан ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атайды.

Қарашаның соңында Думан Мұхамедкәрім қамауда отырған белсенділер Әйгерім Тілеужан мен Марат Жыланбаевты қолдап, аштық жариялағаны хабарланған.

Мұхаммедкәрімнің қамалғанын Қазақстанның теңқұқықты журналистері федерациясы сынаған. Қазақстандық құқық қорғаушылар Мұхаммедкәрімді "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG