Accessibility links

Тергеушілер Навальныйдың анасына "жерлеуді жасырын өткізесің" деп шарт қойған


Алексей Навальныйдың анасы Людмила Навальная.
Алексей Навальныйдың анасы Людмила Навальная.

Тергеушілер Алексей Навальныйдың анасына хабарласып, жасырын жерлеу рәсімін өткізуді талап еткен.

Навальный құрған "Жемқорлыққа қарсы қордың" директоры Иван Ждановтың сөзінше, бір сағат бұрын тергеуші Навальныйдың анасы Людмила Навальнаяға хабарласып, шарт қойған.

"Тергеушілер қойған талап бойынша, Людмила Навальная үш сағаттың ішінде Алексейдің жерлеуін құпия түрде өткізуге келісуі тиіс немесе Алексейді колонияда жерлейді. Людмила Навальная тергеу комитетімен келіссөз жүргізуден бас тартты, себебі тергеушілер ұлын қалай және қайда жерлеу бойынша шешім қабылдауға құқығы жоқ. Ол тергеушілерден заңды сақтауды талап етеді, себебі заңда өлім себебі анықталған соң екі күннің ішінде мәйіт берілетіні көрсетілген. Людмила Навальная қол қойған медициналық құжаттарға сай, екі күндік мерзім ертең аяқталады. Ол жерлеуді өткізу үшін билік ұлының мәйітін беруді талап етеді" деп жазды Жданов 23 ақпанда.

Кеше, 22 ақпанда Людмила Навальная видеомәлімдеме жариялап, тергеушілер ұлын жасырын жерлеуді талап еткенін айтқан.

"Заң бойынша, олар маған Алексейдің мәйітін беру керек еді, бірақ әлі бермеді. Оның орнына шантаж жасап, Алексейдің жерлеуі уақыты, орнына қатысты шарт қойып отыр. Бұл заңсыз… " деген еді Людмила Навальная.

Ресейдегі жазаны өтеуді қадағалайтын орган (ФСИН) 16 ақпанда Навальныйдың Ямал-Ненец автоном округіндегі түрмеде көз жұмғанын мәлімдеген. Туыстары мен адвокаттары оның сүйегін әлі ала алмай жүр. Жақтастары Навальныйды "өлтіріп татады" деп мәлімдеген.

Бұған дейін Ресей органдары "Навальныйдың мәйітіне 14 күн химиялық сараптама жүргізілетінін" айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG