Accessibility links

Тәжікстанда жемқорлық туралы даулы кітап авторлары сотталды


Әбдіхалел Холикзода (сол жақта) 2023 жылы 7 тамызда ұсталған. Бір айдан кейін Әбдіқадір Рустам (оң жақта) қамалды.
Әбдіхалел Холикзода (сол жақта) 2023 жылы 7 тамызда ұсталған. Бір айдан кейін Әбдіқадір Рустам (оң жақта) қамалды.

Душанбе соты «Өмірімдегі оқиғалар» кітабының авторы Әбдіхалел Холикзодаға үкім шығарды. Автор бұл еңбегінде биліктегі адамдардың жемқорлықпен байланысы туралы да жазған. Бұған қоса, Тәжікстанның бизнес-климаты нашарлап бара жатқанын, білім және мәдениет салаларының құлдырағанын жазып, бұған билікті кінәлаған.

Осы іс аясында даулы кітапты редакциялаған жазушы Әбдіқадір Рустамға, кітапты басып шығарған баспахана директоры Сухроб Раджабзодаға да айып тағылған.

Азаттықтың Тәжік қызметінің бірнеше дереккөзінің хабарлауынша, автор Әбдіхалел Холикзода – 6,5 жылға, жазушы Әбдіқадір Рустам – 4,5 жылға, ал баспахана директоры Сухроб Раджабзода бір жылға сотталған.

Тәжікстан Жоғарғы сотының баспасөз қызметі соттың кезекті отырысы 22 ақпанда өткенін растады, бірақ ол туралы ешқандай мәлімет бермеді.

Сот биыл 19 қаңтарда басталған.

Әбдіхалел Холикзода 2023 жылғы 7 тамызда ұсталған. Артынша осы іс аясында тағы екі адамның қамауға алынғаны мәлім болған. Үшеуіне де араздық туғызды деген айып тағылған.

«Өмірімдегі оқиғалар» кітабы елдегі кітап дүкендерінен алынды.

«Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары білім мен меритократия секілді құндылықтар тез ұмытылды. Ендігі жерде беделі, байлығы мен күші бар адамдардың құрметі арта түсті» деп жазған автор.

Сот процесі тергеу изоляторында өткендіктен іс жүзінде жабық болды. Үкім оқылғанын да билік хабарламады.

Тәжікстанның бас прокуроры, президент Эмомали Рахмонның құдасы Юсуф Рахмон Холикзоданы "тәжік халқының намысына тиіп, адамдар арасында алауыздық қоздырды" деп айыптады.

XS
SM
MD
LG