Ақпанның 25-і, жексенбі күні Ресей президенті сайлауына мерзімінен бұрын дауыс беру процесі басталған. Мұны Ресей орталық сайлау комиссиясы хабарлады. Негізгі дауыс беретін күн - 15-17 наурыз.
Ресей орталық сайлау комиссиясы шалғайдағы қоныстарда өтіп жатқан дауыс беру процесінің фотосуреттерін жариялаған.
"Бұл жерлерге сайлау комиссиясының мүшелері тікұшақ, вездеход сықылды көліктермен ғана бара алады", – дейді орталық сайлау комиссиясының хабарында. Алайда Ресей басып алған Запарожье облысындағы дауыс беру процесінен фото салынбаған. ТАСС бұл облыста дауыс беру 25 ақпанда басталғанын хабарлаған еді.
Ресей заңы бойынша, мерзімінен бұрын дауыс беру процесі "адам аяғы оңай жете алмайтын шалғай жерлерде, дауыс беретін күні жолда жүретін кемелерде, поляр станцияларында" ғана өтеді. Алайда Ресей орталық сайлау комиссиясы басып алынған Донецк, Луганск, Запорожье және Херсон облыстарында мерзімінен бұрын дауыс берілетінін хабарлаған.
2023 жылы да аталған облыстарда Ресей аймақ парламенттеріне мерзімінен бұрын "дауыс бергізген".
Ресей билігі 2022 жылы Украинаның төрт аймағын аннексиялағанын жариялаған. Бірақ ол кезде аталған аймақтарда ұрыс қимылдары жүріп жатқан, ешқайсы да толық Ресей бақылауында болмаған. Бұл өңірлердегі Ресей "сайлауын" Украина мен Батыс мойындамай, айыптаған. "Үлкен жетілік" (G7) жетекшілері ол аймақтағы Ресей президенті сайлауын да мойындамайтынын мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР