Accessibility links

Орал тұрғыны Назарбаев даңғылының атын өзгертуді және әлеуметтік реформаны талап етіп, пикетке шықты


Орал тұрғыны Бекболат Өтебаев қала орталығында жалғыз адамдық пикет өткізіп тұр, 28 ақпан 2024 жыл.
Орал тұрғыны Бекболат Өтебаев қала орталығында жалғыз адамдық пикет өткізіп тұр, 28 ақпан 2024 жыл.

Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының тұрғыны Бекболат Өтебаев Абай атындағы орталық алаңда жалғыз адамдық пикетке шығып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуды, экс-президенттің құрметіне аталған қаладағы орталық көше мен жаңа алаңның атын өзгертуді талап етті.

Ол "Я хочу жить. I want to live" деген жазуы бар плакат ұстап тұрды. Зейнеткер "мардымсыз зейнетақымен" күн көріп жатқанын айтып шағымданды

—Билік ең төменгі күнкөріс айлықты 70 мың теңге қылып қойды. Мен бұған келіспеймін. Мұндай ақшаға күн көру мүмкін емес. Біз адам ұқсап өмір сүргіміз келеді. Жәрдемақы, зейнетақы мен жалақыны өсіруді талап етемін, – деді Өтебаев.

Ол сонымен бірге қаладағы Назарбаев даңғылы мен жаңа алаңның атын өзгертуді талап етті.

—Атауын қайтарсын, Назарбаев атын қалаға жолатпасын, себебі Назарбаев Қазақстан халқына жақсылық жасаған жоқ. Елді тонаумен, ұрлаумен, өз отбасын байытумен айналысты. Алаңға "Тәуелсіздік" атын қайтарсын, бізге Назарбаевтан гөрі Тәуелсіздік қымбат, — деді Өтебаев.

Зейнеткер бұған дейін 28 және 29 ақпанда саяси-әлеуметтік тақырыпта жалғыз адамдық пикет өткізу жөнінде ескерту хабарлама жіберген. Әкімдік екеуін де кері қайтарды.

Сәрсенбі күні Өтебаевқа штаттық киім киген екі адам келді. Бірі айналаны камераға түсіріп тұрды. Екіншісі әкімдік қызметкері екенін айтып, акцияны тоқтатуды талап етті. Ол соныме бірге "заңсыз акция үшін" әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын да ескертті. Ал Өтебаев акцияны тоқтатудан бас тартты.

59 жастағы Орал тұрғыны Бекболат Өтебаев бұған дейін әлеуметтік және саяси өзгерістерді талап етіп, түрлі акияларға қатысқан. Ол халықтың күнкөріс жағдайының нашарлап кеткенін, жемқорлық өршігенін айтқан.

XS
SM
MD
LG