Назарбаев университеті студенттеріне 8 наурызда әйелдер шеруін өткізуге тыйым салынды. Бұл жөнінде Қазақстанның жастар ақпараттық қызметі Instagram парақшасында хабарлады.
"Назарбаев университетінің студенттеріне биыл әйелдер шеруін өткізуге тыйым салынды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, былтыр шеру өткізгеннен кейін олар осыған ұқсас шараны шектеу жөнінде бейресми ескерту алған" деп жазылған ұйым хабарламасында.
Қазақстанның жастар ақпараттық қызметінің хабарлауынша, студенттер мен оқытушылар шеруді қолдап, петиция жариялаған. Енді олар халықаралық әйелдер күні қарсаңында пікірталастар ұйымдастырып, фильмдер көрсетуді жоспарлап отыр.
1 наурызда Азаттық Астана әкімдігінен әзірге жауап ала алмады. Азаттық тілшісі қаланың ішкі саясат бөлімі өкілдеріне сауал жіберді, әзірге жауап түскен жоқ.
"Власть" сайтының жазуынша, бұған дейін университетте әйелдер шеруі қатарынан екі жыл өтіп келген. 2022 жылғы шеру кезінде Қазақстанның еңбек нарығында әйелдерге ерлерге қарағанда жалақы аз төленуі, жаратылыстану ғылымымен байланысты салаларда әйелдердің аздығы, гендерлік стереотип сияқты мәселелер қозғалған.
Қазақстанда бірқатар феминистік қозғалыстар да 8 наурызда әйелдер шеруін өткізуге рұқсат ала алмай келеді. Былтырдан бері Алматы қаласы әкімдігі "қоғамға қауіп төндіруі мүмкін" деп шеруге рұқсат етпей келеді. Алматы билігі нақты қандай қауіп екенін ашып айтпады. Әйелдер шеруіне рұқсат беруді талап еткен пикеттер легі ақпан басында басталған. Кейбіріне кедергі де жасалды.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, Қазақстан билігі 2020 жылы бейбіт жиын өткізу туралы заңды түзеткенімен, азаматтар мен түрлі ұйымдардың митинг, шеру өткізу құқығы әлі де шектеліп отыр. Бұдан былай тек хабарлау сипатында болады деген бейбіт жиынға әлі де жергілікті биліктің рұқсаты керек. Қазақстан азаматтардың бейбіт жиналу құқығын сақтамағаны үшін жиі сыналады.
ПІКІРЛЕР