Accessibility links

Ресей Орталық Азиядағы қоғамдық ұйымдарды жауып тастағысы келе ме?


Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу
Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу

Ресейдің қорғаныс министрі Сергей Шойгу ведомство жиынында Орталық Азиядағы үкіметтік емес ұйымдар Ресейге қарсы қызметін күшейткенін, алдын-алу шаралары жүретінін айтты.

Ресейлік министр сөзін Орталық Азия елдерінің ішкі ісіне араласу деп бағалауға бола ма? Шойгудың мәлімдемесі Қырғызстанда талқыланған даулы бастаманың артында Мәскеу тұрғанын көрсете ме?

ТӘЛІПТЕР, ТЕРРОРИСТЕР ЖӘНЕ… ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАР

Ресей қорғаныс министрлігінің жиынында сөйлеген Сергей Шойгу Орталық Азиядағы жағдай қиын екенін, Ауғанстандағы тәліптер, “Ислам мемлекеті” террористік тобы сияқты көп қауіптің қатарында үкіметтік емес ұйымдар да қатер төндіріп отырғанын айтты.

— Өңірде Батысты қолдайтын 100-ден астам үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді. Олардың 16 мың өкілдігі мен филиалы бар. Арнайы әскери операция (Ресей Украинаға қарсы соғысын осылай атайды – Ред.) тұсында аталған үкіметтік емес ұйымдар Орталық Азия елдерінің Мәскеумен әскери-техникалық, экономикалық, мәдени әріптестігін әлсірету мақсатында Ресейге қарсы қызметін күшейтті. Мұның алдын алу шараларын қолданып жатырмыз, — деді Шойгу.

Министр "алдын алу шаралары" дегенде нені меңзегенін ашып айтпады.

Мәскеу Украинаға басып кіргеннен кейін Еуроодақ, АҚШ пен бірқатар Батыс елдері Ресей шенеуніктеріне, оның ішінде Сергей Шойгуға санкция салған.

"ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН НҰСҚАСЫ"

Алматыдағы Factcheck.kz сайтының бас редакторы, журналист Думан Смақов өңірде үкіметтік емес ұйымдар мен тәуелсіз медиаға, сонымен бірге TikTok, Facebook, Google сияқты алпауыт компаниялардың қызметін шектеуге талпыныс жасалып жатыр.

— Қазақстанда "шетел агенттері" туралы заң жоқ. Бірақ әр тоқсан сайын фискалдық органдар шетелден қаржы алып отырған ұйымдар тізімін жариялайды. Іс жүзінде бұл — Ресейдегідей "шетелдік агенттері" тізімі. Мұны Қазақстанның жеңілдетілген нұсқасы деуге болады. Қазақстан мен Қырғызстандағы ақпарат құралдары туралы заң жобасы Ресей заңдарынан көшірілген немесе соның үлгісімен жазылған, — дейді Смақов.

Factcheck.kz бас редакторы Думан Смақов
Factcheck.kz бас редакторы Думан Смақов

Журналист бірнеше жыл бұрын Қазақстан билігі әлеуметтік желілерді шектемек болғанын еске салды. Кейін үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық қоғамның арқасында заң жобасы өзгертілді.

— Қырғызстан мен Өзбекстанда TikTok желісіне тыйым салуға тырысқанын көрдік. Ал Түркіменстанда ресейлік мессенджерлерден басқа әлеуметтік желілерді қолдануға болмайды, — дейді журналист.

Смақов Қазақстандағы Қаңтар оқиғасы, Таулы Бадахшан, Қарақалпақстандағы жаппай тәртіпсіздік кезінде билік әлеуметтік желіні өшіріп тастағанын, сол кезде жәбірленушілердің мүддесін қорғап, мемлекеттік органдарға ықпал етуге үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық қоғам көмектескенін еске салады.

— Ресей “Үкіметтік емес ұйымдар Батыстан ақша алып, сендердің жұмыстарыңа кедергі жасап отыр” дегісі келеді. Қырғызстан, Тәжікстан, Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтік емес ұйымдардың түбіне жеткенін қалайды. Түркіменстанда не болып жатқанын айту қиын. Қазақстан мен Қырғызстандағы "Демос", IWPR сияқты кей ұйымдар сауалнама жүргізіп, халықтың Украинадағы соғыс туралы пікірін сұраған. Білуімше, Қазақстандағы сауалнамада респонденттердің көбі Ресейді емес, Украинаны қолдайтынын айтқан. Мәскеу “Неонацистер, батыстық ұйымдар көп ақша бөледі, сол ақшаға олар Ресейге қарсы жұмыс істейді” деп айтады. Бірақ біз Путин режимі — 21 ғасырдың жауызы екенін білеміз, — дейді Смақов.

"ШЕТ МЕМЛЕКЕТТІҢ ІШКІ ІСІНЕ АРАЛАСУ"

Кейінгі жылдары Ресейге көрші мемлекеттерде үкіметтік емес ұйымдар қызметін шектейтін репрессияшыл заңдар пайда болды.

22 ақпанда Қырғызстан жогорку кенеші отырысында депутаттар “Үкіметтік емес ұйымдар туралы” заң жобасын екінші оқылымда қабылдады. Жекелеген депутаттар бұл заң білім беру, гендерлік теңдік және әлеуметтік мәселелер саласында жұмыс істейтін ұйымдар қызметіне әсер етуі мүмкін деп ескерткен. Қоғамға “Шетелдік өкілдіктер туралы” деген атпен таныс заң жобасы былтыр 25 қазанда бірінші оқылымда мақұлданған. Заң жобасының авторы Надира Нарматова “бұл құжат үкіметтік емес ұйымдар қызметіне кедергі келтірмейді” дейді.

Бұған дейін Қылмыстық кодекске заңсыз қызмет жүргізген үкіметтік емес ұйым өкілін 5-10 жылға бас бостандығынан айыру туралы бап енгізу ұсынылған. Кейін жаза мерзімі 3-5 жылға қысқарды, ал 20 ақпандағы талқыда қылмыстық жауапкершілік туралы норма мүлде алып тасталды.

Қырғыз саясаттанушысы Эмиль Жураев
Қырғыз саясаттанушысы Эмиль Жураев

Қырғызстандық саясаттанушы Эмиль Жураевтың айтуынша, Шойгудың сөзі осы және ақпарат құралдары туралы заңның артында Ресей тұрғанын көрсетеді.

— Шойгу бұл заңдарды атамады. Бірақ оның “Ресейге қарсы көңіл-күй күшейді, бұған қарсы шара қолданып жатырмыз” деген сөзінен шет мемлекеттің ішкі ісімізне араласқанын байқауға болады, — дейді сарапшы.

РЕСЕЙ МЕН ҚЫРҒЫЗ ЗАҢЫНЫҢ ҰҚСАСТЫҒЫ - 98%

"Әділет" құқықтық клиникасы жүргізген талдау нәтижесі Қырғызстандағы “Шетелдік өкілдіктер туралы” заң мен ресейлік “Шетелдік агенттер туралы” заңның арасында 98 пайыз ұқсастық барын көрсетті.

Ресейде бұл заң 2012 жылы қабылданған. Оған сәйкес, әділет министрлігі шетелден қаржы алып, саяси қызметпен айналысатын үкіметтік емес ұйымдарды “шетелдік агент” деп тани алады.

Заңгерлер сөзінше, заңда шетел агентін анықтау критерийлері анық көрсетілмеген. Бұл заң билікке ағарту, мәдениет, денсаулық сақтау, экология, адам құқықтары саласында істейтін ұйымдарды қудалауға мүмкіндік берді. Осының салдарынан көп ұйым жабылып, қызметін шектеуге мәжбүр болды.

Былтыр Грузияда жаппай демонстрациядан соң Ресейдің үлгісімен үкіметтік емес ұйымдар қызметін шектейтін заң қабылдау бастамасы тоқтатылды.

Норвегиялық Хельсинки комитетінің аға кеңесшісі Ивар Дале құқық қорғаушыларды террористермен бір топқа жатқызу күлкілі дейді.

— Біріншіден, Шойгу меңзеп отырған ұйымдар Ресейге қарсы емес, адам құқықтарын қорғау үшін жұмыс істейді. Ресей адам құқықтарын жиі бұзатындықтан, үнемі құқық қорғау ұйымдарының назарында жүреді. Норвегиядағы Хельсинки комитеті жақында жариялаған есебінде Қазақстан, Қырғызстан, Армения және басқа да елдер арқылы Ресейге санкциялық тауарлар қалай жетіп жатқанын талдады. Бұл ақпаратты Брюссельде Киев билігі мен ТМД елдері елшіліктері өкілдері қатысқан кездесуде таныстырдық, — дейді Ивар Дале.

Ресей бұрыннан Орталық Азияны өз ықпалындағы аймақ деп қарастырады. Кей сарапшылар Мәскеу Украинаға басып кіргеннен кейін Ресейдің ықпалы әлсіреді, бұл жағдайды Еуропа мен Қытай өз мүддесіне пайдалануға тырысып жатыр дейді.

— Соғыс басталғалы Ресейді жақтайтын 5-6 мемлекет қана қалды. Мәскеу үшін ресми түрде бейтарап қалып, іс жүзінде Ресеймен достығын үзбеген Орталық Азия өте маңызды. Ресей бұл аймақты геосаяси мақсаттарын жүзеге асыруда құрал ретінде пайдалануы мүмкін деген қауіп бар, — дейді Эмиль Жураев.

Думан Смақов Орталық Азия Ресейдің уысынан шығып бара жатқанын, Қазақстан дос елдер рейтингінде 8-орында тұрғанын, бұл Мәскеуге үлкен соққы екенін айтады.

— Мәскеу өңірдегі Ресейді жақтайтын үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландыра бастай ма деп қорқамын. Олар осыған дейін де соғысты, Ресей мәдениеті мен әдебиетін қолдайтын шаралар ұйымдастырып келді. “Өңірде 100 батыстық ұйым бар” деу арқылы олар аймаққа ықпалымызды арттыруымыз керек, біздің үкіметтік емес ұйымдар мен ақпарат құралдары осы бағытта белсенді жұмыс істеуі тиіс деген міндет қойып отыр, — дейді журналист.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG