Accessibility links

Адвокат: Думан Мұхаммедкәрім үш күннен бері аштық ұстап жатыр


Думан Мұхаммедкәрім
Думан Мұхаммедкәрім

Талдықорған қаласында уақытша ұстау изоляторында қамауда отырған азаматтық белсенді, журналист Думан Мұхаммедкәрім үш күннен бері аштық жариялап жатыр. Бұл туралы Азаттыққа оның адвокаты Ғалым Нұрпейісов хабарлады.

– Кеше, 1 наурызда Талдықорғанға, Думанға барып жолығып келдім. Ол өзіне полиция тарапынан жасалған азаптауға қатысты берген өтінішхатының тезірек тексеріліп, кінәлілердің жауапқа тартылуын, сонымен қатар алдағы болатын соттың ашық етуін талап етіп отыр, - дейді адвокат.

Азаттық 2 наурызда Думан қамауда отырған Талдықорған қаласындағы тергеу изоляторына хабарласты. Телефон тұтқасын көтерген кезекші бөлім қызметкері әуелі де "қазір он минуттың ішінде анықтап беремін. Жұмысқа енді келдім" деді. Кейін қоңырау шалғанымызда "ресми сауал жолдаңыздар" деп жауап беруден бас тартты.

Думанның анасы Қалимаш Рымбекқызы да 1 наурыз күні Талдықорғанға барып, баласына жолығып шыққанын айтады.

– Баламды өз көзіммен көріп шықтым. Алдында Қонаевқа төбесі ашық машинамен әкеліп, әкетті. Сол кезде суық тиіп ауырған екен. Система қойыпты. Бірақ сол системасы өте салысымен аштық жариялап отыр. Қу сүйегі қалған екен. Қазір балама темекі, су мен бал апарып берейін деп базарға кетіп барамын, – деді ол.

22 ақпанда Думан Мұхаммедкәрім соттың ашық өтуін талап етіп, аштық жариялаған. Алдыңғы сот отырысында судья прокурордың сотты жабық өткізу туралы өтінішін қанағаттандырған. Бұған журналист пен оны қорғау тарабы және жақтастары қарсы болған. Сот отырысы кезінде Думан Мұхаммедкәрім "тағылған айыпты жала" деп атап, "конституциялық құқығы бұзылғанын, тергеу амалдарының бірде-біріне қатыспағанын" айтқан. Ол бұл сотты "цирк" деп атаған.

"Ne Deidi" Youtube-арнасының авторы, журналист Думан Мұхаммедкәрім "экстремизмді қаржыландырды" және "тыйым салынған ұйымның жұмысына араласты" деген күдікпен былтыр маусымда қамауға алынған. Іске журналистің шетелде тұратын "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының жетекшісі, оппозиционер Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты себеп болған.

(Қазақстан ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атайды).

Мұхаммедкәрімнің қамалғанын Қазақстанның теңқұқықты журналистері федерациясы сынаған. Қазақстандық құқық қорғаушылар Мұхаммедкәрімді "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG